ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер қатынастары комитеті «Ашық НҚА» порталына жаңадан құрылған облыстардың, олардың құрамына енген аудандар мен қалалардың кадастрлық кодын белгілейтін бұйрық жобасын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Құжат жобасы бойынша, Абай облысына – 23, Ұлытау облысына – 25, Жетісу облысына – 24 деген кадастрлық код берілмек.
Қонаев қаласы Қапшағай болып тұрған кездегі кадастрлық кодын сақтап қалды – 055.
Сондай-ақ Абай облысындағы Курчатов қаласының кадастрлық коды – 217, Ақсуат ауданының коды – 333 болатыны айтылған.
Ал Шығыс Қазақстан аумағында қайта құрылған Самар ауданының кадастрлық коды 334 болмақ.
Бұған дейін қайта құрылымдау арқылы құрылған 3 облыстың көлік нөмірлері белгіленген еді.
«Жаңадан пайда болған үш облысқа автокөліктердің өңірлерлік кодтарын мынадай тәртіппен беру ұсынылады: Абай облысы - 18, Жетісу облысы - 19,Ұлытау облысы - 20», - деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Министрлік ақпаратына қарағанда, жаңа аймақтарда көліктің нөмір кодтарын енгізу барысында көлік құралдарындағы бұрынғы мемлекеттік нөмірлерді ауыстыру талап етілмейді.