25 нау, 2022 сағат 22:05

Жаңа қаулы: «Қызыл» аймақтағы мектептерде ғана маска режимі міндеттеледі


ҚР Бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы бойынша, эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасындағы «жасыл» және «сары» аймақтағы өңірлердің білім беру ұйымдарына кабинеттік оқыту жүйесіне көшуге рұқсат берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес «жасыл» және «сары» аймақтарда орналасқан өңірлерде барлық меншік нысанындағы және ведомстволық тиісті білім беру ұйымдарында: 

1) кабинеттік оқыту жүйесін болдырмауға;

2) маска кию режимін міндетті түрде сақтауға қойылатын талаптар алынып тасталсын», - делінген қаулыда.

Алайда, бұл «жасыл» және «сары» аймақтағы білім ұйымдарында маска режимі мүлде алынып тасталады деген сөз емес. Маска режимінің қажеттігі туралы шешімді ұйымның басшылығы қабылдауға құқылы.

«Маска кию режимін сақтау білім беру ұйымдары әкімшілігінің шешімі бойынша ерікті түрде жүзеге асырылуы мүмкін», - деп жазылған.

Ал өңір эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша «қызыл» аймаққа ауысқан кезде барлық меншік нысанындағы білім беру ұйымдарында маска кию режимі қайта енгізіліп, кабинеттік оқыту жүйесіне тыйым салынады. Тек зертханалық, практикалық сабақтарды ғана кбаинеттік жүйеде оқытуға болады.

Қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енген. Толық мәтінін мына жерден көруге болады.