Елімізді заман талабына сай жаңғыртудың бір бағытына – Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Жарлығын жүзеге асыруды қосуға болады. Бұл бағытта кешенді жұмыстар тұтас ел көлемінде қарқын ала бастады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Республикамыздың өңірлерінде латын графикасына негізделген жаңа емле ережелері жобасын сынамадан өткізу жұмыстарын Шығыс-Қазақстанда жалғастырды.
Бүгін С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің №9 оқу ғимаратында Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының, Әдістемелік бөлімнің басшысы Сабира Сапина, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының кафедра меңгерушісі Нәзигүл Төленбергенова, Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының терминология және ономастика бөлімінің жетекші ғылымы, филология ғылымдарының кандидаты Бақытгүл Ысқақова және аталған орталықтың мамандары сынақ сауалнама жүргізді.
Сондай-ақ алғаш рет сынақ сауалнама алушылар мен бірге ақпараттық-насихат тобы жұмыс істей бастады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы: дәуірлік талаптар және жаңа қазақ әліпбиі атты ақпараттық-насихат тобының жетекшісі, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов сынамаға қатысушылар алдында баяндама жасап, сұрақтарға жауап берді.
" Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының басты нысаны ұлттық сананы жаңғырту, ұлттық кодты қалыпына келтіру емес пе еді!? Әрине, ол - арнайы сөз етілетін тақырып, өзгеше ойдың өзегі.
Бүгінгі күні алдымызда емле ережелерін бекіту, орфографиялық сөздік жасау, оқу-әдістемелік құралдар дайындау сияқты игі шаралар тұр. Оларда біріншіден, қазақ тілінің дыбыстары мен әріптерін жас буынға, шетел азаматтарына үйретудің оңай жолдары ескерілуі керек, екіншіден, жаңадан жасалған осы әліпбидің соны да соңғы нұсқасы арқылы қазақ қауымы дүниежүзілік интернет жүйесіне еркін қосылуының мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылуы қажет. Алдағы осындай елеулі істі оңтайлы шешуге жоспар жасай отырып, жаңа белеске көтерілген қазақ жазуының болашағы зор екендігіне сеніміміз де мол. Егер әлемдік болып саналатын тілдермен тайталаса отырып, қазақ тiлiн латын әліпбиі негізінде заман талабына орай қажетiмiзге жарата алсақ және осы оған елiмiздегi жүзден аса ұлт өкiлдерiн қарата алсақ, сонда ғана әлемдік деңгейге көтерiлгенi. Демек, алдымызда қазақ тiлiнiң бәсекелестік қабiлетiн арттыру мәселесі тұр. Бұл уақыт күттiрмейтiн маңызды мәселе. Өйткені, біздің жас мемлекет үшiн уақыттың әр сәті жауапты.- деді Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов.
Ол «Рухани жаңғыру барысында қоғам ұлттық дәстүрлердің ішінен тек ілгерінді мазмұндағы байырғы салттарды алуы керек. Уақыт сынынан өте алмаған, қазіргі даму үрдістеріне келмейтін кейбір дағдылардан бас тартуға да тура келеді. Бұл – уақыттың талабы, дәуірдің шарты. Сондықтан біз осы бағдарламалық мақаладағы Президенттің: «Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық» – деген ойларына ден қоюымыз қажет түйіндеді Жандос Смағұлов.
Сынамаға Өскемен, Риддер, Зырянь, қалаларындағы барлық басқармалар, департаменттер, әкімдіктер қызметкерлері, оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері, ЖОО студенттері қатысты. Сынаққа жалпы саны 150 адам қатысты, оның ішінде жартысынан көбі басқармалардың қызметкерлері.
«Қазақ жазуының тарихы және латын әліпбиіне көшудің ғылыми-тәжірибелік негіздері» республикалық конференциясында барлық жұмыс тобы мүшелерінің және ең білікті лингвист ғалымдардың қатысуымен емле ережелердің концепциясы кең түрде талқыланды. Конференцияда емле ережелердің концепциясы мақұлданып, фонематикалық принцип негізге алынсын делінген болатын. Соған сәйкес, жаңа әліпби емлесінде сөздер үнемдеу принципі арқылы жазылады. Қажет тұстарда фонетикалық, морфологиялық, тарихи-дәстүрлі принциптер де ескерілмек.
Әліпби тек лингвистикалық құбылыс қана емес. Оны күнделікті жалпы халық тұтынатын болғандықтан да, ол – әлеуметтік құбылыс. Яғни егер біз үнемдеу принципін қолданбай, фонетикалық принципке жүгінсек, сөздердің жазылуында шұбалыңқылыққа жол берер едік. Бұл лингвистикалық, психологиялық қосымша кедергілер қалыптастырып әліпбиді, жазу дағдысын игеруді ұзақ уақытқа созып жібереді.
Ендігі мақсат мақұлданған емле концепциясына сай жаңа әліпбидің ережелерін дайындау және оны сынақтан өткізу болады. Соның дәлелі бүгінгі Өскенмендегі сынақ сауалнама жүргізу»-деді Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының кафедра меңгерушісі Нәзигүл Төленбергенова
Сынаққа қатысқан қауым жаңа әліпбидің жобасына зор қызығушылық танытты, өзара пікір алмасып, қызу талқылады. Ертең Семей қаласында сынама жұмыстары жалғасады.