04 қыр, 2019 сағат 16:24

Жаңа бағыт - жаңа көзқарас

Қазіргі таңда әлемдік экономика мен саясатта, сондай-ақ, еліміздің экономикалық өмірінде елеулі өзгерістер орын алуда. Әлеуметтік жаңғыртудың қазақстандық моделінің басты міндеті – әлеуметтік қорғаудан әлеуметтік прогреске көшуді жүзеге асыру. Онда азаматтардың белсенділігі мен жауапкершілігін арттыру, шығармашылық әлеуетін ашу көзделген.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы мемлекетімізде және шетелдерде өзінің халықаралық деңгейде нығайып келе жатқан беделді ұйым екенін таныта білді. Ең ірі кәсіподақ ұйымы ретінде 2 миллионға жуық мүшесін, 38 мүшелік ұйымды және 18 мың бастапқы кәсіби ұйымның басын біріктіріп отыр. Аталған ұйымның маңызды бөлігі ретінде «Алматы облысының кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі» өңірде 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда 12 саланы біріктірген орталықтың 100 мыңға жуық мүшесі бар ірі кәсіподақ ұйымы екенін айта кеткеніміз жөн.

Кәсіподақтардың қоғамдағы өз орнын табу, заман ағымына сай қызмет көрсету үлкен іскерлікті қажет етеді. Бүгінде кәсіподақтар үкіметтік және бизнес өкілдерімен бірлесе заманауи қазақстандық қоғамды қалыптастыруға үлес қосып келеді. Еліміздегі кәсіподақтар азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, жұмыс жағдайын жақсарту, өмір сүру деңгейін көтеру мен әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету мақсатында біршама жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, облыстағы азаматтық қоғамның маңызды бөлігінің бірі ретінде бекітілген мемлекеттік «Жол картасы» бағдарламасын іске асыру мақсатында мекемелердегі еңбек ұжымдарын кәсіп-одақ қозғалысына тарту, жаңадан бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру, жұмыс жасап жатқан кәсіптік одақтардың қызметтерін ретке келтіру, кәсіподақтарға сенімділікті арттыру, өзіндік имидж қалыптастыру, БАҚ-пен жұмыс, әлеуметтік желілер арқылы жұмысты таныту, түрлі шаралар арқылы беделді көтеру, әлеуметтік әріптестермен меморандумдарға отыру, жұмыскерлер құқығын қорғау бойынша комиссияларда кәсіподақтарды таныту сынды жұмыстар атқаруда. Одан бөлек, мемлекеттік органдармен келісімшарттар жасалып, меморандумдарға қол қойылуда. Нәтижесінде көптеген ұжымдарда еңбек мәселесі бойынша шешілмей тұрған мәселелерді назарға алып, күн тәртібінде қарастырдық. Облыстық сот пен Талдықорған қалалық сотының ғимаратында былтырдан бастап сотқа дейінгі даулардың алдын алу үшін «Татуласу орталықтары» ашылды. Осыған орай облыстық соттың ғимаратында ашылған Құқықтық қызметтер орталығына кәсіподақтар тарапынан жоғары дәрежелі медиатор қызметке келді. Бүгінгі таңда медиатордың көмегіне 337 адам жүгініп, түрлі сұрақ бойынша кеңестер алды. Биыл 300 адамға медиациялық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, еңбек шартын жасасу, зейнетақыны заңдастыру, әлеуметтік көмек алу, жұмысқа орналасу, салық төлемдері сынды аса маңызды сауалдар бойынша қоғамдық қабылдау тұрақты жүргізіледі. Биыл қоғамдық қабылдауға 70 азамат әртүрлі мәселелер бойынша жүгінді. Былтыр қолға алынған «КЕРІ БАЙЛАНЫС» атты шара аясында сұрақ-жауап форматындағы «Тікелей байланыс бар» тақырыбында бастауыш кәсіподақтармен кездесулер ұйымдастырылып, 14 мыңнан астам адам қамтылды. Бұл шара биыл да жалғасын тауып, қазірдің өзінде 6 мыңнан аса мүшені қамти алдық.

Облыстық кәсіподақтар мәдени-спорттық және сауықтыру шараларын ұдайы ұйымдастырып тұрады. Мысалы, «Туризм –  2019» және республикалық жастар лагері сияқты шаралар арқылы мыңнан астам адам сауықтыру орындарында денсаулықтарын түзесе, 300 бала жазғы лагерьде демалды. Мұның сыртында 400 кәсіподақ мүшесі өз білімдерін жетілдірді. Биылғы Жастар жылына орай кәсіподақ орталығы жанындағы «Келешек» жастар кеңесі уақытша бейімдеу орталығында «Бақ берекем – әз Наурыз» атты қайырымдылық шарасын өткізді. Қаламыздың жас батыры атанған О. Құлжабековтың құрметіне ағаш отырғызу акциясын, көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға арнайы тегін шаштараз ұйымдастыру, жалғызбасты аналар мен мүгедектерге арналған «Мейірбандылық – жүректен, қайырымдылық – білектен» атты шараларын іске асырды. 

«Жас келсе – іске», «Белсенді жастармен жарқын болашаққа» атты республикалық форумдарға облыстық кәсіподақ атынан 70-ке жуық жас қатысты. Облыстық кәсіподақтар орталығы кәсіподақ жұмысын жоспарға сәйкес күшейтіп, өз қатарын нығайту бойынша еңбек етіп жүрген қызметшілердің мүддесі үшін жұмысын жоспарға сәйкес жалғастырады.

Әсет ҚЫДЫРМАНОВ,
«Алматы облысының
кәсіподақтар орталығы
аумақтық кәсіподақтар
бірлестігінің» төрағасы