06 қар, 2018 сағат 17:36

Жаңа әуе компаниясында билеттер бағасы арзан болмақ

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Air Astana базасында құрылған жаңа әуе компаниясында билеттердің бағасы арзан болатынын жеткізді.

Үкімет отырысынан шыққан Жеңіс Қасымбек Air Astana базасында құрылған жаңа әуе компаниясына қатысты өз пікірін білдірді.

«Өткен аптада Мемлекет басшысы Air Astana компаниясының басшылығы мен «Самрұқ-Қазына» әл-ауқат қорының тәуелсіз директорын қабылдады. Осы кездесуде Мемлекетт басшысы Air Astana базасында бюджеттік әуе компаниясын құру туралы тапсырма берген. Келер жылдың мамыр айында аталған компания өз жұмысын бастайды. Жаңа компанияны құру туралы шешім Air Astana әуекомпаниясының директорлар кеңесінде қабылданды», - деді ол.

Осы орайда министр жаңа бюжеттік әуе компаниясын құру әлемдік практикада екенін атап өтті. Оның айтуынша, әлемдегі ірі Lufthansa, British Airways, Аэрофлот сынды әуе компаниялардың бюджеттік бөлімшелері бар.

Сонымен қатар Жеңіс Қасымбек жаңа әуе компаниясының еншісінде жаңа ұшақтар болатынын жеткізді.

Алдағы жылы Air Astana 8 ұшақ сатып алуды жоспарлап отыр. Ол Airbus A 320 және басқа да маркалы ұшақтар. Тек онда орындықтардың саны аз болады. Ол жаңадан құрылған әуекомпаниясының еншісінде болады», - деп түйіндеді сөзін министр.

«Жаңадан құрылған әуе компаниясы ішкі бағытқа қызмет көрсетеді. Егер компания дамыса, халықаралық деңгейге шығару мәселесі қаралады. Жаңа әуе компаниясы қандай бағыттарға қызмет көрсететін алдағы уақытта шешіледі», - деді ведомство басшысы.

Сөз соңында министр аталған әуе компаниясында билеттердің бағасы артарлықтай арзан болатынын жеткізді.

«Біз аталған әуе компаниясында қызмет көрсету бағасы айтарлықтай арзан болады деп отырмыз. Air Astana берген мәліметке сәйкес, қазіргі таңда «Алматы-Астана» бағытындағы билеттің құны 32 000-34 000 теңге. Ал жаңа әуе компаниясында аталған бағыттағы билеттің бағасы 16 000 – 18 000 теңге болмақ. Сонымен қатар үкіметтен субсидия жаңа әуекомпаниясына берілмейді», - деді ол.

Осыған дейін елімізде құрылған жаңа әуекомпанияның атауы белгілі болғанын хабарлағанбыз.

Жаңа FlyArystan әуекомпаниясы Air Astana қазақстандық әуе тасымалдаушысының бөлімшесі болып есептеледі.

baq.kz