Оңтүстік Қазақстан облысының ұстаздары қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасына қатысты пікірлерін білдірді.
Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру - бүгінгі қоғам талабы. Латын қарпіне көшу мәселесіне қатысты Оңтүстік ұстаздары қолдау білдіріп отыр.
«Елбасының әрбір реформасы ел үшін де, өскелең ұрпақ үшін де маңызды болып келген. Бұл реттегі көтеріп отырған мәселе біз, ұстаздар үшін өте үлкен жауапкершілік деп білемін. Себебі жаңа қаріпті тек педагог мамандар ғана емес, оқушылар да жетік меңгеріп алып кетуі қажет. Сондықтан алда жауапты кезең күтіп тұр. Оған біздің өңір толықтай дайын деп айта алар едім», - дейді Шымкент қалалық Білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева.
Ал Түлкібас ауданы «Дарын» мектеп-интернатының директоры Фарида Пірәлиеваның пікірінше мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісі жеңілдейді.
«Ақордада ұсынылған жаңа әліпбидің жобасын бүгін мектебіміздің қабырғасында ұстаздар қауымына таныстырдым. Әріптестерім жаңадан ұсынылған әліпбидің ыңғайлығы мен алдыңғы үлгімен салыстырғанда жетілдірілгенін айтып өтті. Оның ішінде, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны қуантты. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үш тілде білім беріп келе жатқан біздің мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында бүгінде 200-ден астам оқушы бар. Жаңа латын қаріпі біздің шәкірттер үшін өзге тілді жетік меңгеруге жол ашады деп сенеміз. Республикадағы үздік 100 мектеп қатарынан көрінген білім ұясы үшін бұл жауапты кезеңде педагогтар мен оқушылар еш қиындықсыз игеріп кетеріне кәміл сенемін», - дейді ол.
Отырар ауданы Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясының директоры Хадиша Қылышбаеваның ойынша, латын қарпіндегі әліпбидің жаңа жобасы күнделікті қолданысқа ыңғайлы, мектеп оқушыларының көзіне үйреншікті етіп жасалған.
«Ұсынылған 32 әріптен тұратын жаңа жоба ұстаздар қауымының көңілінен шығып, қолдау тапты. Өйткені күнделікті қолданысқа ыңғайлы, мектеп оқушыларының көзіне үйреншікті етіп жасалған екен. Сонымен қатар, Елбасының жаңа әліпбиді білім беру жүйесіне енгізу үшін мұғалімдер мен әдістемелік базаны дайындау қажеттігін ескергені және Үкіметке оны кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі жоспар әзірлеу жөніндегі тапсырмасы уақытында айтылды деп есептейміз. Латын әліпбиіне көшу үшін білікті оқытушы кадрлар мен әдістемелік база қажет. Осы негізде, біздің білікті ұстаздар жоғарыда аталған жұмысқа дайындығын жеткізіп, қолдау білдіреді», - деп атап өтті Хадиша Қылышбаева.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Ақорданың төрінде өткен алқалы жиында жаңа қаріптің соңғы үлгісін таныстырмас бұрын Елбасы бұл - біздің қастерлі Тәуелсіздігіміздің жемісі екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, осы ретте бірегей жобаны іске асыру аясында Президент Әкімшілігіне 300-ден астам үндеу мен ұсыныс келіп түскенін, әлеуметтік желілерде 1000-ға жуық тақырыптық жазба жарияланғанын алға тартты. Елбасы 2025 жылға дейін латын қарпіндегі қазақ әліпбиіне толықтай көшу жөнінде тапсырған болатын. Мемлекет басшысының назарына ұсынылған әліпби жобасында 32 қаріп таңбаланған. Жалпы, латын қарпіндегі әліпбиге көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді қадамдар басталмақ. Ең бастысы, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуімізге латын тілі алтын көпір болмақ.