17 қыр, 2018 сағат 14:17

Жаңа әкім Астананы дамытудың жаңа үлгісін әзірлеуге кірісті

Апта сайын өтетін аппарат мәжілісінде қала әкімі қаланы дамытудың жаңа үлгісін құруға тапсырма берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысы біздің алдымызға жақын арада орындалуы тиіс бірқатар басым міндеттерді қойып отыр», – деп мәлімдеді Бақыт Сұлтанов.

Қаланы дамытудың жаңа үлгісін енгізу және инновацияларды ілгерілету, креативті адамдар санын көбейту үшін қолайлы орта құру 2050 жылға дейін қаланы дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясын әзірлеуді талап етеді. Жаңа стратегияны құру жөніндегі тапсырманы Мемлекет басшысы осы жылдың 11 қыркүйегінде берген болатын.   

Әкім қаладағы қазіргі ахуалға кешенді түрде талдау өткізіп, стратегиялық мақсатты анықтауды, болашақтың қандай болатынын болжауды тапсырды: яғни өмір сапасын арттыру, қалалық ортаның үйлесімділігі, тұрақты экономикалық өсім, ресурстарды тиімді пайдалану және т.б.

Елорданың жаңа стратегиялық даму үлгісі өзіне «Астана» халықаралық қаржы орталығы шеңберінде іскер қаржылық хабты қосуы керек. Бұл бағыт сонымен қатар туризм индустрия саласын кеңейту бойынша жұмысты күшейте түсуді талап етеді.

«Осыған байланысты іскер туризм саласында алдыңғы қатарлы халықаралық ұйымдармен халықаралық әріптестікті нығайтуды тапсырамын. Туризм саласында қызмет көрсету сервисінің сапасын халықаралық стандарттарға көтеру өте маңызды», – деді әкім. 

Әсіресе қалалықтардың қолайлы өмір сүруі үшін жасалатын игіліктерге ерекше көңіл бөліну керектігі тапсырылды: абаттандыру, әлеуметтік объектілерді салу, тұрғын үй құрылысы.

Б. Сұлтанов осы жылы жоспарланған жалпы алаңы 2,3 млн шаршы метрден кем емес тұрғын үйлерді пайдалануға беруді тапсырды (Жыл басынан бері 1699,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді). «Әкімдіктің жұмысы Мемлекет басшысы атап өткен бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыруға бағытталуы керек, – деп айрықша тоқталды Б. Сұлтанов. – Осы міндеттерді атқару жаңа жұмыс орындарын ашуға және қаланың ары қарай экономикасын дамытуға әсер етеді».