20 там, 2019 сағат 18:56

Жамбылдық 110 отбасы елдің солтүстігі мен шығысына қоныс аударды

Жыл басынан бері Жамбыл облысынан 110 отбасы Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай өңірлеріне қоныс аударған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ал, соңғы екі жарым жылда еліміздің солтүстігі мен шығыс аймақтарына 400-ге жуық жамбылдық отбасы қоныс аударған. Бұл «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда екен.

«Қазір мемлекеттік жобаға қатысқысы келетіндер қатары артып отыр. Биыл Павлодар өңіріне 13 отбасы көшіп барды. Ал Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарына 34 отбасыдан және Шығыс Қазақстанға 74 адамнан тұратын 29 отбасы қоныс тепті. Олардың басым көпшілігі жер алып, диханшылықпен айналысқысы келетіндер. Көшетін азаматқа 35 айлық есептік көрсеткіш есебінде көшу субсидиясы беріледі. Ол көшетін отбасының әрбір мүшесіне төленеді. Барған жерінде өзі таңдап барған мамандығы бойынша міндетті түрде тұрақты жұмысқа орналастырылады. Ең басты мәселе көшіп барғанда баспана ұсынылады. Ол баспананы жалға алу ақысын да бір жылға дейін мемлекет төлеп береді», - дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Ғалижан Мейірманов.

Мамандардың айтуынша облыстың Қордай, Байзақ, Жамбыл аудандары мен Тараз қаласының тұрғындары көшуге жиі ниет білдіретін көрінеді. Биыл қабылдаушы өңірлерге 352 адам көшкен. Оның 102-сі тұрақты жұмысқа орналасса, тағы 200-дей өтініш білдірген азаматтың тізімдері жасақталып, құжаттары жинақталу үстінде екен.