29 қаз, 2019 сағат 19:18

Жамбылдағы «Руханият» орталығына Шерхан Мұртаза есімі берілуі мүмкін

Жамбыл облысында халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза атындағы Руханият орталығы ашылуы мүмкін, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сондай-ақ, қазақ әдебиеті мен баспасөзінің белгілі тұлғасының есімін өңірдегі 3 мектеп және 2 кітапханаға беру жолында бастама көтеріліп, ол бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нәбира Сүйманова жеткізді.

«Жаңадан бой көтеріп жатқан «Шахристан» этно-мәдени кешенінде «Руханият» орталығы салынып жатыр. Соған Шерхан Мұртазаның есімін беру ұсынысы облыстық мәслихат сессиясында қаралып, республикалық ономастикалық комиссияға жолдағанбыз. Комиссия қорытындысын күтіп отырмыз. Бұдан бөлек, Шерхан Мұртазаның есімін 3 мектепке және 2 кітапханаға беру туралы ұсыныстар түскен. Бұл ұсыныстарды облыс әкімі атынан хат дайындап Президент Әкімшілігіне жібердік», - деді Нәбира Сүйманова «Қазақ радиосына» берген сұхбатында.