Жамбылдық полицейлер жоғалып кеткен әйелді ауыр жағдайда тапты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Портал мәліметінше, Жамбыл облысы Сарысу ауданының полиция бөліміне Саудакент ауылының тұрғыны 37 жастағы қарындасының жоғалғанын айтқан. Әйел үйден белгісіз бағытта кетіп, жақындарымен байланысқа шықпаған. Ол 2011 жылдан бастап психикалық диспансер орталығында есепте тұрады.
Хабарламадан соң Сарысу аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы шұғыл түрде дабыл бойынша көтеріліп, жоғалған әйелді іздеуге жұмылдырылған.
"Іздеу жұмысына волонтерлер мен жергілікті тұрғындар, аудандық төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері де қосылды. Әйел Сарысу ауданының елді мекендерінде ғана емес, шекара маңындағы ауылдардың аумағында да ізделді. Көшелер, үйлер, аулалар, қараусыз қалған ғимараттар мен жертөлелер, жолдың бойы тексерілді.
Жоғалған әйел бес күннен кейін жазық далада ауыр жағдайда табылды. Есін білгенмен, суық пен аштықтан әбден қажып, әлі құрыған. Сол жерде оған медициналық көмек көрсетілді", - делінген хабарламада.
"Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, волонтерлерге және тұрғындарға іздеу шараларына белсенді түрде қатысқаны үшін алғыс айтқым келеді. Сарысу АПБ бастығы Асхат Алметов бастаған полиция қызметкерлері күн-түн демей іздеу жұмыстарын жүргізді. Енді таба алмағанымызда менің әпкем қайтыс болар еді. Тіпті елестетудің өзі қорқынышты", – деді әйелдің ағасы.