Жамбыл облысында жемқорлық бағыттарын анықтау жұмыстары күшейтілген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаевтың айтуынша, биыл өңірде 6 жүйелі сыбайлас жемқорлық фактісі анықталған.
«Биылғы жылдың тоғыз айында 6 жүйелі сыбайлас жемқорлық, шағын және орта бизнес жұмысына араласудың 14 фактісі, лауазымды тұлғалар тарапынан көлеңкелі экономика субъектілеріне қамқорлық жасаудың 7 және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген бюджеттік қаражатты ұрлаудың 14 фактісі тіркелді. Барлық жағдайда өткен жылға қарағанда көрсеткіштерде өсім байқалады»,- дейді аталған департамент басшысы.
Әділхан Әшірбаев атап өткендей, тіркелген қылмыстар саны бойынша мемлекеттік органдар арасында көшбасшылар жергілікті атқарушы билік органдары болды. Жыл басынан бері сотқа 93 қылмыстық іс жіберілсе, 89 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Мәселен, қылмыстық істер бойынша келтірілген шығын көлемі 1,4 миллиард теңгені құраса, оның 975 миллион теңгесі өтеліп, 122,3 миллион теңгенің мүлкіне шектеу салыныпты.
«Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілері туралы хабарлаған тұлғалармен профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Есепті кезеңде жалпы сомасы 2,8 миллион теңгемен 20 адам марапатталған. Кезекті рет қоғамды сыбайлас жемқорлық көріністерінен тыс қалмауға шақырғым келеді. Сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы бізге хабарлай отырып, сіз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл ісінде азаматтық парызыңызды орындап қана қоймай, сондай-ақ заңды негізде ақшалай ынталандыруға сене аласыз», - деп атап өтті Әділхан Әшірбаев.