16 қаң, 2020 сағат 16:27

Жамбылда пойыз астына түсіп мерт болған 2 жұмысшының отбасына көмек көрсетіледі

Жамбыл облысында пойыз астына түсіп мерт болған жұмысшылардың отбасына көмек көрсетіледі. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК Қазынашылық департаментінің директоры - қаржылық бақылаушысы Шолпан Омарбекова айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бұл мәселе қазіргі уақытта зерделеніп жатыр. Компанияда және жалпы салада қабылданған ережелер мен құжаттарда белгіленген тәртіппен шешім қабылданады. Негізінде компания қозғалыс қауіпсіздігіне ерекше мән береді. Мұнан бөлек, өз қызметкерлеріне және темір жолмен тығыз байланысты өңірдің климатын қолдауға айрықша назар аударады. Сондықтан компания қолдау үшін барлық шараларды қабылдайды», - деді ол бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің темір жол бойында 2 теміржолшының қаза табуына қатысты сауалға жауап бере келе.

Естеріңізге сала кетсек, Жамбыл облысының Бел станциясына жақын маңда теміржолдың бойында жүрген жұмысшыларды «Алматы-Ақтөбе» бағытына қатынайтын жолаушылар пойызы қағып кетті. Салдарынан теміржолшылар алған жарақатынан сол жерде көз жұмды.