Жамбыл облысында орын алған қар көшкіні салдарынан 7 жауынгер мерт болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Біз ол жерде нақты қанша адам болғанын айта алмаймыз. Өйткені, оны Қорғаныс министрлігі хабарлауы тиіс. Дегенмен, біздің мәліметімізге сәйкес 20-дан астам адам. Қазіргі уақытта 10 адам құтқарылды. Өкінішке орай 7 мүрде табылды», - деді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысы Көксай шатқалында орын алған қар көшкініне қатысты ҚР Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасаған еді.
Онда: «Жамбыл облысындағы Көксай шатқалында өтіп жатқан 91678 әскери бөлімі әскери қызметшілерінің жауынгерлік дайындығы бойынша жоспарлы сабағы барысында күтпеген жерден қар көшкіні орын алды» делінген.
ҚР ІІМ Төтенше жағдай комитетімен бірлесіп іздеу-құтқару жұмыстары жүргізілуде. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында қолбасшының басшылығымен жедел штаб құрылды, жүргізілген жұмыстар жайлы егжей-тегжейлі ақпарат қосымша хабарланады.