Бүгін таңғы сағат 03.00-де Батыс Еуропа-Батыс Қытай автожолының 544-шақырымында Тараз қаласы бағытында келе жатқан «Скания» жүк көлігінің тіркемесі өздігінен өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жамбыл облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлованың мәліметінше, өрт жол қозғалысына кедергі келтіргендіктен, автокөліктер тоқтатылған.
«Артынша, сағат 03.40 кезінде жанып жатқан тіркемеге 550-600 метр жетпей, DAF жүк көлігі жолда бір бағытта тоқтап тұрған 10 көлікті қағып кетті. Оның ішінде екі жолаушылар автобусы, екі «Тойотами Камри«, «Ауди 100«, «Шевроле Кобальт«, « Даймлер Крайслер«, BMW X5, «Тойота Альфард«, «Audi 80« жеңіл көліктері болды. Соқтығысудан кейін 4 автокөлік өртенді. Салдарынан «Тойота Камри« автокөлігінің жолаушысы оқиға орнында көз жұмды, 9 адам түрлі жарақаттармен қалалық ауруханаға жеткізілді, оның ішінде 3 адам реанимация бөліміне жатқызылды», - дейді ведомство өкілі.
Аталған дерек бойынша ҚК 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған, қажетті сараптамалар тағайындалған.
«Полицейлер алдын алу шараларын жүргізіп-ақ жатыр, алайда жүргізушілер жол қозғалысы ережелеріне мән берер емес. Әйтпесе, осы атожолдың 554-шақырымында «Жүк көліктерінің қозғалысына тыйым салынады« деген жол белгісі тұр, яғни Күйік асуы арқылы түсуге тыйым салынған. Алайда жүк көліктерінің жүргізушілері жол белгілері талаптарын елемейді, бұл осы секілді қайғылы жағдайларға әкеледі», - деп атап өтті Г.Мұхтарқұлова.
Осы оқиғаға байланысты Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы 12 адамның зардап шеккенін хабарлады. Оның 2-уі жолда өтіп бара жатқан автокөлікпен Жуалы аудандық ауруханасына, 10-ы Тараз қалалық көпбейінді ауруханасына жеткізілген.
«Жуалы аудандық орталық ауруханасының жеткізілген 2 адамға медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілді. Ал қалалық көпбейінді ауруханасына түскен 10 адамның 3-еуі Өзбекстан азаматтары. Зардап шеккендердің ішінен 5 науқас ауруханаға жатқызылды. 4-еуі – реанимация бөлімшесіне, 1 азамат – травмотология бөлімшесіне жіберілді. 5 науқас амбулаторлық ем қабылдауға үйлеріне қайтарылды», - дейді басқарманың баспасөз қызметкері Толқын Өмірбаева.
Ол да 1 адамның оқиға орнында қайтыс болғанын растады.
Жалпы, стационарға жатқызылған науқастардың барлығы қажетті дәрі-дәрмектермен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілген. Медициналық көмек көрсетуге 5 техника, 15 медициналық қызметкерлер жұмылдырылды.
Айта кетейік, жыл басынан бері жамбылдық полиция қызметкерлері 315 жол белгісін орнатты, 2 436 шақырым жол таңбасын, 8 475 шаршы метр шұңқыр жөнделді, 11 жол буферін, 1 034 сигнал бағаналарын және 4 056 катафотты ауыстырды, 1072 метр зақымдалған брустарды теңестірді.