Жамбыл облысында есірткі саудасымен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өсімдік тектес есірткі құралдарын (марихуана, гашиш) дайындау, тасымалдау және еліміздің басқа өңірлеріне өткізумен (биыл мамырдан бастап) айналысатын Жамбыл облысы Шу ауданының 5 тұрғынынан тұратын қылмыстық топты құрықтады.
"14 қазанда жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың барлық қатысушыларын бір мезгілде ұстау жүргізілген. Тінту жүргізу нәтижесінде жалпы салмағы 100 келiден асатын есірткі құралдарының (марихуана және гашиш) ірі партиясы, сондай-ақ Ақсу автоматы және 5,45 мм калибрлі 30-дан аса патрон тәркіленді.
Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі ("Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу"), ҚР ҚК-ның 296-бабы 4-бөлігі ("Есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен заңсыз жұмыс істеу") және ҚР ҚК-ның 287-бабы ("Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта ұсталғандардың барлығы ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Бұдан басқа, Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері биылғы жылдың 16 қазанында облыс орталығының аумағында Калашников автоматы, ТОЗ-63 қос ұңғылы аңшылық мылтығы, ИЖ-58 16 калибрлі қос ұңғылы мылтықтың және 5.45 калибрлі 90-нан аса патронның кесіндісі тәркіленген қару-жарақ қоймасын анықтаған. Сот-баллистикалық сараптама тағайындалды.
Жалпы, Жамбыл облысы ПД қызметкерлері жыл басынан бері заңсыз айналымнан 605 бірлік атыс қаруын тәркілеген. Оның 376-сы ІІО-нан ұрланған, ал 229 бірлігi өзге де қылмыстық қаруға жатады.