Жамбыл облысында 12 мамыр күні сағат 15.50 шамасында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» республикалық маңызы бар автожолының 571-шақырымында жол-көлік оқиғасы болды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алдын ала болжам бойынша күн райының нашарлауына байланысты (жаңбыр мен бұршақ) жолаушылар тасымалдайтын автобустың жүргізушісі рульге ие бола алмай, бір бағытта келе жатқан трактордың тіркемесіне соғылған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан автобус жүргізушісінің көмекшісі мен жолаушысы оқиға орнында қаза тапты, ауруханаға 33 адам қаралып, олардың үшеуі жансақтау бөліміне жатқызылды.
«Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігімен (көлік құралын басқаратын адамның абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды», - делінген полиция департаментінің хабарламасында.