Жамбыл облысының жері мың гектардан астам аумаққа ұлғайды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Үкімет басшысы Асқар Маминнің қаулысымен Алматы облысындағы Жамбыл ауданының мың гектардан астам жері Қордай ауданына қосылды. Мұндай қажеттілік тұрғындардың ұзақ жылдан бергі өтініштерінен кейін туындаған. Бұған дейін жергілікті жұрт құжаттарын рәсімдеу, мемлекеттік қызмет түрлерін алу үшін 150 шақырым жердегі аудан орталығына баруға мәжбүр болған. Ал халықтың жүріп-тұруына Алматы облысынан гөрі 70 шақырым жердегі Жамбылдың Қордай ауданы ыңғайлы. Бұл мәселе қос облыстың әкімдіктері мен мәслихат және Мәжіліс депутаттарымен қаралып, қолдау тапқан.
«Қордай ауданындағы Отар ауылына қарасты Гвардейский әскери қалашығының тап іргесінде «Военсовхоз» аталып кеткен елдімекен бар. Сол елдімекеннің жартысы Алматы облысында қалып қалған. Қазір сол елдімекендерді Отарға, Жамбыл облысына қостық. Енді мұндағы жұрт шаруасын бітіру үшін 150 шақырым жердегі Ұзынағашқа сабылмай, иек астындағы Қордайға бара салады. Қазір екі облыс әкімдігі тиісті құжаттарды әзірлеп жатыр. Бұл шара бір айдың ішінде аяқталуы тиіс,-дейді облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Айдар Тәжіков.
Айта кетейік, Жамбыл облысының қарамағына 1090 гектар алқап мүлкімен көшті. Оның ішінде Отардағы «Гвардейский» әскери гарнизоны, оқу-жаттығу полигоны, биологиялық қауіпсіздік поблемаларының ғылыми-зертеу институтының ғимараты және бірнеше кәсіпкерлік нысандар бар.