8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметов екі көп балалы ананың шаңырағына барып, арнайы құттықтады. Алдымен Тараз қаласы Бәйтерек мөлтек ауданының тұрғыны Дария Күзенбаеваның үйіне барған Асқар Исабекұлы көпбалалы анаға ыстық ықыласын, жылы лебізін білдірді.
Жолдасы Әлімжан Күзенбаев екеуі 8 ұл-қызды тәрбиелеп отырған Дария Сағынбайқызы «Алтын алқа» иегері. Бүгінде бала күтіміне байланысты үйде отыр. Төрт үлкен ұл-қызы жоғары және арнаулы оқу орындарында грантта оқиды. Ал екі баласы №3 мектеп-лицейінде оқыса, екі бүлдіршіні үй тәрбиесінде.
Сондай-ақ, Асқар Исабекұлы «Массив Арай» ауданында тұратын көпбалалы ана Гульбар Егембердиеваны да арнайы барып, құттықтады. «Алтын алқа» иегері жолдасы Атабек Егембердиев екеуі жеті ұл-қызды тәрбиелеп отыр.
Өңір басшысы көпбалалы аналарды халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Өз кезегінде аналар да сөз алып, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың жағдайына көңіл бөліп, әлеуметтік көмекті арттыруға тапсырма берген Елбасыға деген алғыстарын жеткізіп, ел тыныштығын тіледі.
Бұл күні облыс әкімнің орынбасарлары, қала және аудан, ауылдық округ әкімдері, қоғамдық ұйым басшылары да өңірдегі көпбалалы және мүгедек бала күтіміндегі аналардың шаңырағына ат басын тіреп, мерекелерімен құттықтады.
Айта кетейік, бүгінде облыста 44100 көпбалалы және 14852 аз қамтылған отбасы бар. Оларға түрлі деңгейдегі әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Бұл бағытта биыл республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 30,6 миллиард теңге қаралған. Республикалық бюджеттен бөлінген 19,7 миллиард теңгеге түрлі әлеуметтік жәрдемақылар төленетін болса, жергілікті бюджеттен қарастырылған 8,4 млрд.теңгеге әлеуметтік көмектер көрсетілмек. Сондай-ақ, облыстағы тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналып биыл 10 жатақхана салынбақ. Оның 3-і Жаңатас, Шу, Қаратау, 7-і Тараз қаласында бой көтереді.