31 шіл, 2018 сағат 11:38

Жамбыл облысында жүк вагондары рельстен шығып кетті

Жамбыл облысының аумағында жүк пойызының құрамы рельстен шығып кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"  «ҚТЖ» АҚ-ның баспасөөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жамбыл облысында 31 шілдеде сағат 08:05 минутта №2009 жүк пойызы Мойынты-Шығанақ учаскесінде Қашқантеңіз- Жастар өткелінде жүк вагондары рельстен шығып кетті.

Вагондардың рельстен шығып кетуіне «Исткомтранс» ЖШС-на тиесілі 28-вагонының бүйір рамасы сынып кетуі себеп болған», - делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, вагондарды 2009 жылы 29 шілдеде «Азовэлектросталь» ААҚ жасап шығарған.

Ол жерге Шу және Сарышаған стансаларының қалпына келтіру пойыздары жұмылдырылды.

Апат салдарынан 5 жолаушылар пойызы кешіктірілуде. Қозғалыс шамамен Астана уақытымен 18:00-де ашылады. Оқыс оқиғадан ешкім зардап шекпеген.

Заңға сәйкес, барлық келтірілген шығынды жүк вагонының иесі өтейді.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-да осы жағдайды тергеу бойынша арнайы комиссия құрылды.