Жамбыл облысындағы "Андас батыр" шекара бөлімінен жоғалып кеткен сарбаз өлі табылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі 24.kg сайтына сілтеме жасап.
Сайт мәліметінше, Шу облысының орталық ішкі істер бас басқармасы қазақстандық сарбаз Ұлықбек Бердішовтің өліміне қатысты пікір білдірген.
"10 сәуірде сағат 17:40 шамасында Панфилов Ішкі істер департаментінің кезекші бөліміне мемлекеттік шекара маңында 20-25 жастағы ер адам өлі табылғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына барған тәртіп сақшылары жартаста өз белдігіне асылған мәйітті тапты. Факт ақпаратты тіркеу журналына тіркелді", - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, марқұм 19 жастағы Қазақстан азаматы Б.Ұ. екені анықталып, сараптама тағайындалған.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысындағы "Андас батыр" шекара бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген сарбазды туыстары бір айдан астам уақыт бойы іздестіріп жатқаны хабарланған болатын.
Ұлықбек Бердішовтің анасы Орынкүл Мерекова ұлы жоғалып кеткенін ести сала, Қызылорда облысы Қазалы ауданынан Андас батыр ауылына келіп, сонда үй жалдап, ұлын іздеуге кіріскен.
"Мен ешқайда кетпеймін. Ана жүрегім, балам жақын жерде екенін айтты, мен оны іздеймін", - деді анасы көзіне жас алып.