16 қар, 2022 сағат 15:18

Жамбыл облысында жалған құжат дайындаумен айналысқандар ұсталды


Жамбыл облысында жалған құжат дайындаумен айналысқандар ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz порталы.

"Жамбыл облысы Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде көлік құралын тіркеудің жалған куәліктерін (техникалық паспорттарды) дайындағаны үшін Шу ауданының Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері және оның сыбайласы - осы мекеменің бұрынғы қызметкері ұсталды.

Әйел делдал ретінде әрекет еткен. 150 мың теңге көлеміндегі заңсыз ақшалай сыйақы үшін сыбайласымен бірге құжаттарды бұрмалау жолымен жалған техникалық паспорттарды дайындаумен және өткізумен айналысқан.

Тінту барысында күдіктінің атына 8 пластикалық банкомат карточкасы, 41 дайын жалған техникалық паспорт, техника және одан әрі жалған құжаттарды дайындау үшін дайындалған 500 дана пластикалық карточка табылды және тәркіленді" - делінген хабарламада.

Осы дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабы 2-бөлігі (Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

Бірқатар тиісті сараптамалар тағайындалып, істің басқа да жағдайлары анықталып жатыр.