28 нау, 2019 сағат 09:37

Жамбыл облысында пойыз апатына кінәлілерге қатысты үкім шықты

Шу жол дистанция басшысының орынбасары 3 жарым жылға, ал 2-ші учаскенің басшысы мен орынбасары екі жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ktk.kz.

Сот процесі 9 айға созылды. 700 адамнан жауап алынып, 25 жеке және заңды тұлға жәбірленуші деп танылды. Бірақ зардап шегушілердің тек екеуінің ғана өтініші қанағаттандырылған. Апаттан көз жұмған 12 жастағы жасөспірімнің туыстарына сотталушылар моральдық және материалдық шығын есебінде 3 жарым миллион теңге беретін болды. Ал аяғын жарақаттаған екінші жәбірленушіге «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы 500 мың теңге төлеуге міндеттелді.

"Бұл үкім бойынша олардың кінәлары мен тағылған айып өз дәлелін толық тапты. Себебі іс бойынша жинақталып, айыптау тарапынан ұсынылған дәлелдемелеріне сай айыптары дәлелденді",  - деді судья Ернар Жаманқұлов.

Сотталушылар болса,  сот үкімімен келіспей отыр. Олар өздерінің кінәларын мойындаған жоқ. Сондықтан апелляциялық шағым түсірмек.

Еске салсақ, былтыр 17-ші маусымда Астана-Алматы жолаушылар пойызы Шу ауданында апатқа ұшыраған еді. 8 вагон жолдан шығып кетіп, үшеуі аударылды. Оқыс оқиға салдарынан 12 жастағы жасөспірім қаза тауып, 11 жолаушы жарақат алған. Өз ісіне немқұрайлы қарады деген айыппен шойын жол қызметіне жауапты үш адам жазаланды.