Жамбыл облысы Талас ауданында Қасқабұлақ ауылы бар. Бұл ауылда қазіргі таңда ешқандай ішімдік түрі сатылмайды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Аталған шағын ауылда 1937 жылдан бері күрді диаспорасы топтасып тіршілік кешуде. Олар негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Айта кету керек, бұл ауылдың өзіндік ерекшелігі бар. Ол – соңғы жылдары елді мекенде бірде-бір қылмыстың орын алмағандығы, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың тіркелмегендігі, ауыл дүкендерінде ішімдік сатылмайтындығы десек болады.
Қасқабұлақтықтар бастамашыл әрі еңбекке бейім. Ауылда мыңға жуық халық турады. Ондағы әр отбасыда шамамен 5-6 баладан бар десек, ауыл тұрғындарының дені жастар. Бұл туралы жуырда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауданға жұмыс сапары барысында аталған ауылдың тұрғындарымен кездесуде белгілі болған.
Бердібек Сапарбаев ауылдағы 2018 жылы пайдалануға берілген, бүгінде 135 оқушы білім алатын орта мектептің жұмысымен танысып, жергілікті клубта ауыл тұрғындарымен кездескен болатын.
«Біз бәріміз – Қазақстан Республикасының азаматтарымыз. Талай сындарлы кезеңдерді бірге кешіп, соғыс жылдарындағы ауыр сәттерді бірге еңсердік. Бүгінде біздің басты байлығымыз – қоғамдағы бейбітшілік пен берік достығымыз екеніндігіне ешкім күмән келтіре алмайды. Осы орайда өскелең ұрпақты ұлттық болмыс пен үлкендерді құрметтеу секілді асыл қасиеттер аясында тәрбиелеуге аса көңіл бөлу қажет», - деп атап өткен еді аймақ басшысы.