31 мам, 2024 сағат 10:58

Жамбыл облысында бюджеттен 700 миллион теңге заңсыз жұмсалмақ болған


Фото ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов


Жамбыл облысының прокуратурасы 700 миллион теңгеден астам бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуын алдын алды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Жамбыл облысының прокуратурасына сілтеме жасап.


Қордай ауданының прокуратурасы бюджет заңнамасы саласында жүргізген талдау нәтижесі бойынша аудан әкімдігі қызметінде заңбұзушылықтарды анықтады.


"Жергілікті атқарушы орган растайтын қажетті құжаттарсыз және негіздемесіз бюджеттің шығыс бөлігіне 700 миллион теңгеден астам қаражатты енгізген.
Мысалы, әкімдік шығыс бағанасына су құбыры люктерін орнатуға 67 миллион теңге қаражат қарастырған. Алайда шығыстың осы бағытының экономикалық негіздемесі айқындалмаған", - делінген хабарламада.


Нәтижесінде прокурорлық қадағалау актісімен 700 миллион теңгеден астам бюджет қаражатының жұмсалуы алдын алынды.


Заңбұзушылықтарға жол бергені үшін 6 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.