Сурет ашық дереккөзден алынды
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Бекболат Орынбеков Жамбыл облысындағы бірқатар стратегиялық нысандарға қаржы бөлінбей қалғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Жамбыл облысының әкімдігі «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті» қалыптастыру аясында орталық мемлекеттік органдарға жалпы 129 млрд теңгеге 163 бюджеттік инвестициялық жоба бойынша өтінім берген. Алайда, бірқатар маңызды салалар қаржыландырылмай қалған.
Депутат Меркі ауданындағы ауылдарды электр энергиясымен жабдықтау, сондай-ақ «Жауғаш батыр» және «Қаратау» шекара заставаларындағы мәселелерге ерекше назар аударды. Ауыл тұрғындары Қырғызстаннан электр қуатын алуға және бұл үшін жоғары тариф бойынша төлеуге мәжбүр.
«Жауғаш батыр ауылының тұрғындары көршілес Қырғыз Республикасынан 1 кВт/сағ үшін орташа есеппен 90-100 теңге бағамен электр энергиясымен қамтамасыз етілген. Ал облыс халқы үшін «Жамбыл Жарық Сауда-2030» тарифінің құны 1 кВт/сағатына 16 теңге. Бұл айырмашылық жергілікті халықтың наразылығын тудырып отыр. Жоба іске асқан жағдайда Қырғыз Республикасынан электр энергиясы бойынша тәуелділікті жоюмен қатар, стратегиялық маңызға ие «Жауғаш батыр» және «Қаратау» шекара бекеттерін электр энергиясымен жабдықтау мәселесі оң шешімін табады», - деді Бекболат Орынбеков Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.