20 нау, 2020 сағат 09:55

Жамбыл облысында бейіттердің қоршауын ұрлағандар ұсталды

Жамбыл облысының Талас ауданында белгісіз біреулер бейіттердің темір қоршауын ұрлаған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Талас аудандық полиция бөліміне Қаратау қаласының 38 жастағы тұрғыны туыстарының бейітіндегі шойын қоршауларды бұзып, ұрлап кеткендігі туралы айтып шағымданған. 

«Аудандық полиция қызметкерлері қылмысқа қатысы бар 25 және 19 жастағы Қаратау қаласының тұрғындарын анықтады. Оның бірі бұрын жерлеу бюросында жұмыс істеген. Күдіктілер зиратқа барғанда бірінші кездескен шойын қоршауды бұзып, бөлшектеп қоларбамен алып кеткен»,-делінген ведомство хабарламасында .

Күдіктілер темір сынықтарын сатқан ақшаны сол күні жұмсап тастаған. Жеңіл қаржыға дәніккен олар оқиға орнына қайта келіп, вандалдық әрекеттерін жалғастырған. Тергеу жұмыстары барысында күдіктілердің осыған ұқсас өзге де қылмастарға қатысы бар екендігі анықталған. Ұсталғандар кінәсін мойындады.

Аталған дерекке қатысты қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 188-бабы 2-бөлімі 1-тармақшасымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.