Фото: «Петербургский дневник»
Жамбыл облысында ауыз судың сапасын жақсартуға бөлінген қаржыны жымқырғаны үшін бірқатар шенеунік сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, Қордай ауданының прокуратурасы «Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ экс-басшысының 6,5 миллион теңге ұрлау дерегін анықтаған.
Іс материалдарынан белгілі болғандай, Сарыбастау ауылында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы "М", «Қордай су» МКК директоры "К" және кәсіпкер "Е" құжаттар бойынша құны 12,3 миллион теңгені құрайтын су мұнарасын салуы тиіс болған.
"Алайда нысанды егжей-тегжейлі талдау және визуалды қарау су мұнарасының шын мәнінде салынбағанын көрсетті. Нәтижесінде, тергеу барысында тараптар 6,5 миллион теңгені иемденіп, өзара бөлісіп, ауыл тұрғындарын өздігінен ағып жатқан суды пайдалануына қалдырғаны белгілі болды.
Аталған дерек бойынша аудан прокуратурасы ҚК-тің 189-бабы 3-бөлігі 1,2-тармақтары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдары Жамбыл облысы прокуратурасының арнайы прокурорларына берілді. Тергеу аяқталғаннан кейін, қылмыстық іс сотқа жолданды.
Қордай аудандық сотының 2023 жылдың 18 шілдесіндегі үкімімен азамат "М" ҚК-тің 189-бабы 3-бөлігі 1,2-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Кәсіпкер "Е" ҚК-тің 28-бабы 5-бөлігі - 189-бабы 3-бөлігі 1,2-тармақтары бойынша кінәлі деп танылды және оған 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды" - делінген хабарламада.
Заңсыз игерілген ақша толығымен мемлекетке қайтарылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.