Фото: ашық дереккөз
Жамбыл облысында әкесі мен баласы аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын өткізуге байланысты 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Тергеу мәліметінше, 2024 жылдың күзінде «У» және «Т» есімді азаматтар 12,7 кг «гашиш» пен 185 кг «кептірілген марихуананы» өткізу мақсатында Т.Рысқұлов ауданындағы шаруа қожалық аумағына жасырған.
2024 жылғы 1 желтоқсанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті жедел іс-шара барысында күдіктілерді 1 млн теңгеге «гашиш» сатпақ болған сәтінде ұстады. Сонымен қатар олардың шаруашылығынан 13 қапқа салынған, жалпы салмағы 185 кг марихуана тәркіленді.
2025 жылғы 23 шілдеде Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты екі азаматты Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі 1 және 3-тармақтары бойынша кінәлі деп таныды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Прокуратура есірткі саудасы үшін 5 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертеді.
