17 мау, 2022 сағат 12:41

Жамбыл облысында 3 су қоймасы салынса, Қырғызстанға тәуелділік азаяды - министр


ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев қырғыз тарапынан алатын судың бір бөлігін жергілікті су қоймаларын салу арқылы қамтамасыз етуге болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шу және Талас өзендері бойынша қырғыз тарапымен мемлекетаралық пайдаланудағы гидротехникалық құрылыстарды күтіп ұстауға және реконструкциялауға бөлінетін қаржыны көбейту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді ол Мәжіліс қабырғасындағы Парламенттік тыңдауда.

Оның айтуынша, Шу мен Таластан су алып отырған өңірлерде жерасты суын пайдалану көлемі ұлғаймақ. 

«Қырғыз тарапына тәуелділікті азайту үшін Жамбыл облысында 3 су қоймасын салу жұмысы басталып, суару қажеттігі үшін жерасты көздерін пайдалану көлемі ұлғаяды», - деді Серікқали Брекешев.