13 нау, 2019 сағат 11:08

Жамбыл облысы Наурыз мерекесін 9 күн атап өтеді

Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы "Өңірлік коммуникациялар қызметінің" алаңында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабайдың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Спикерлер «Қош келдің, әз-Наурыз!» мерекесін ұйымдастырудың іс-шаралар жоспары туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Жамбыл облысында биыл екінші жыл қатарынан Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі 14 наурыздан 22 наурызға дейін атап өтілмек.

14 наурыз – «Амал» күні амандық-саулық сұрасып, үлкен-кіші қыстан аман-есен шығып, Әз Наурызға жеткеніне шүкіршілік етіп, бір-біріне ізгі тілектер айтады. Көрісу – тек адамдар амандасып, жақсылық тілейтін мереке емес, сонымен қатар үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін тағылымды дәстүр болып саналады. 

Сондай-ақ, қалалық мәдениет үйінің алдында «Амал күніне» орайластырылған қойылымдар ұйымдастырылып, бауырсақтар таратылады. Одан кейін жергілікті өнерпаздардың қатысуымен 1,5 сағаттық мерекелік концерт ұсынылады.

15 наурыз – «Тағызым» күні қасиетті жұма күніне орайластырылып қойылғандықтан «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қағида бойынша ата-баба рухына Құран бағышталады. 

16 наурыз – «Алас» күні тазалыққа мән беріліп, «Бұлақ көрсең - көзін аш!» деген атпен жалпыхалықтық сенбілік өткізіледі. Наурыз мерекесіне дейінгі тазалық жұмыстарына облыс және қала, аудан басшылары, ардагерлер, қоғам қайраткерлері т.б. қатысып, аллеяларға, саябақтарға ағаштар отырғызу, экологиялық акциялар ұйымдастырылады. 

17 наурыз – «Мейірім» күні көп балалы аналарға, әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға, көмекке мұқтаж мүгедек жандарға қайрымдылық жасалады.

18 наурыз – «Ынтымақ» күні аймақтағы этномәдени орталықтар мен этнос өкілдерінің қатысуымен мерекелік концерттер, салт-дәстүрлерді насихаттау көрсетілімдері ұйымдастырылады. Өйткені Наурыз бірлікке, ынтымаққа шақыратын қайырымдылық айы болғандықтан қоғамды мейірімді болуға үгіттейді. 

19 наурыз – «Жаңару күні» жарық дүние есігін ашқан нәрестелерге әкімдердің атынан дайындалған арнайы құттықтау әзірленіп, сәбилерге қажетті сыйлықтар беріледі. 

20 наурыз – «Береке күні» қаланың бірнеше елді мекендерінде, аудандарда жергілікті кәсіпкерлердің ауылшаруашылық өнімдерінен төмен бағамен жәрмеңке ұйымдастыру, тақырыпқа сай халық әндерінен радиоконцерттер ұйымдастыру жоспарланып отыр.

21 наурыз – Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында күрделі жөндеуден өткен «Жастар» аллеясы пайдалануға беріледі. Аталған саябақта «Махаббат» аллеясы, «Білім» алаңы, «Жастар» интернет-кафесі, «Кітап» және "Сахна" алаңшасы ашылады. Осы «Жастар» алеясында «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Түркі әлемінің бесігі» бөлімін айшықтайтын театрландырылған көрініспен ашылып, 700-ге жуық өнерпаздардың қатысуымен «Көктем» хореографиялық композициясы және домбырашылар, қобызшы, дауылпазшылардың қатысуымен күй орындау шеберліктерін көрсететін композициялар ұсынылады. Бұл жерде ұлттық спорт ойындары, алтыбақан, қолөнер көрмелері ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Қазақстан эстрада жұлдыздары Бағдат Самединова, Әділ мен Дана, Алишер Каримов, Әбдіғаппар Әлқожа, Серікбол Сайлаубек және Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншілерінің концерттік бағдарламасы ұсынылып, кеш соңы мерекелік отшашуға ұласады.

22 наурыз – «Жаңа күн», яғни облыс және аудан тұрғындары жалпы халықтық серуенге шығады. Тұрғындары өз жақындарын, туыстарын, көршілері мен алыс-жақын ағайындарын мерекемен, «Жаңа жылдың» алғашқы «Жаңа» күнімен құттықтайды. Көпшілік бір-біріне сый-сияпат сыйлап, араздасқан ағайын-туыс татуласады. Мерекелік дастархан жайылып, бір-бірінің үйіне қонақ болады.