Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Жекешелендірудің кешенді жоспарына қатысты Есеп комитетінің сынына жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Есеп комитеті Жекешелендірудің кешенді жоспары төмен деңгейде іске асырылғанын да атап өтті. Бұл көрсеткіш 62% қана болды делінген. Шын мәнінде, жоспардың іс жүзінде орындалуы 93,4% деңгейінде қамтамасыз етілді. Жоспарда барлығы 864 объектіні сату көзделген болатын. Ал атқарылуы 807 объектіні құрады: 506-сы сатылды, 301-і қайта ұйымдастырылды немесе таратылды. Бірқатар кәсіпорындар бойынша неғұрлым мұқият дайындық қажеттілігіне және нарықтың қолайсыз конъюктурасына байланысты жекешелендіру мерзімін неғұрлым кейінгі кезеңге ауыстыруға қатысты тиісті шешім қабылданғанын атап өту қажет», - деді Жамаубаев Үкімет пен Есеп комитетінің 2020 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарау кезінде.
Оның айтуынша, қалған кәсіпорындар 2021 – 2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына енгізілді.