21 мау, 2021 сағат 13:40

Жамалов: Ұлттық қорды ойламау – елдің болашағын ойламаумен бірдей



Мәжіліс депутаттары үкіметке Ұлттық қордан ақша алуды доғару қажеттігін ескертті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".


«Бюджетті жоспарлау мен атқарудың кейбір өзекті проблемаларына тоқталғым келеді, ал үкімет өзінің алдағы жұмысында оларды ескеруі керек.


Біріншіден, салық жинау деңгейі әлі де төмен. 2020 жылы бюджеттің салықтық түсімдері 17,4 пайызға азайды. 2021 жылғы 1 қаңтарға бюджетке жалпы берешек 378 млрд теңгені құрады. КТС (корпоративтік табыс салығы) аванстық төлемі 79,9 млрд теңгені немесе 2020 жылғы желтоқсанда бюджетке түскен, КТС түсімінің 18,5%-ын құрады. ҚҚС бойынша жалпы дебиттік сальдо 1,6 трлн теңгеден асты. Жоғарыда аталған осы проблемалардың барлығы «Салықтық әкімшілендіру жүйесін реформалау» бағдарламасы аясында шешілуге тиіс еді. Осы бағдарламаны іске асыруға 11 жыл ішінде, миллиардтаған теңге жұмсалды. Сонда нәтиже қандай?», - деді депутат Үкімет пен Есеп комитетінің 2020 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарау кезінде.


Оның айтуынша, Мемлекеттік кіріс комитетінің 16 ақпараттық жүйесінен 12 жүйесі ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай келмейді, оның ішінде 9-ы пайдалануға енгізілмеген. Нәтижесінде, салықтық және кедендік жұмысты жақсартудан, тек 2020 жылдың өзінде ғана түсетін 1,5 трлн теңге мөлшеріндегі қосымша түсімдер түскен жоқ. Нақты сома 221 млрд теңгені құрады.


«Салықтық әкімшілендірудің әлсіз болуы, бюджетке Ұлттық қордан қосымша каржы тартуына алып келді. 2020 жылы республикалық бюджет кірістерінің 45%-ы Ұлттық қордан трансферттер түсімдері. Сомасы 4,8 трлн теңгені құрады. Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш. Үкіметке болашақта, ұлттық қорсыз тек борыштары ғана қалуы мүмкін екенін түсінетін уақыт келді. Сондықтан бүгін Ұлттық қор туралы ойламау, ол елдің болашағы туралы ойламаумен бірдей», - деді Аманжан Жамалов.


Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев орта мерзімді кезеңде трансферт сомасы біртіндеп қысқаратынын айтты.