27 сәу, 2021 сағат 14:40

Жалпыға бірдей салықтық декларация: Қайда, қалай, қашан?


ҚР Үкіметінің отырысында түрлі жұмысшылар санаты үшін жалпыға бірдей декларациялаудың мерзімдері аталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 42-қадамына сәйкес кірістер мен шығыстарды жалпыға бірдей салықтық декларациялау жүргізу көзделген. Жалпыға бірдей декларациялаудың мақсаты – жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін бақылаудың тиімді жүйесін құру. Мұндай жүйе көлеңкелі экономикаға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған, сондай-ақ бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз етуге ықпал етеді», - деді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев. 

Биыл 1 қаңтардан бастап декларацияны мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайлары тапсыра бастады. 

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары тапсырады.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары үшін декларациялау енгізіледі. 

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - азаматтардың қалған барлық санаттары тапсырады.

«Азаматтарға арналған үкімет» МК инфрақұрылымын кеңейту бойынша шаралар қабылданды. Атап айтқанда, салықтық декларацияны қағаз түрінде халыққа қызмет көрсету орталықтары, мемлекеттік кірістер органдары немесе пошта бөлімшелері арқылы ұсынуға болады. Корпорацияның фронт-офистері «Connection Point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторымен жабдықталған. 

Халыққа ыңғайлы болу үшін декларация тапсыруға электрондық қызметтер – салық төлеуші кабинеті, «Электрондық үкімет» веб-порталы және «Е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы бар. Тұрғындар электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) алуға онлайн өтінім бере алады, ал «Салық төлеушінің кабинетіне» смс-код арқылы ЭЦҚ-сыз кіруге болады», - деп түсіндірді Е. Жамаубаев. 

Мемлекеттік кірістер комитетінің веб-порталында «Жалпыға бірдей декларациялау» бөлімі құрылды, онда қажетті ақпарат және жиі қойылатын сұрақтар бойынша жауаптар жинағы орналастырылған.

Айта кетейік, жалпыға бірдей декларациялау шарасы табыс салығын азайтуға мүмкіндік береді.

«Азаматтардың тиісті шығыстары болған кезде табыс салығының мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді. Декларациялау кезең-кезеңімен, мемлекеттік қызметшілерден бастап, кейіннен барлық азаматтар үшін жүргізіледі», - деді Қаржы министрі.

Сонымен бірге, ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев салықтық декларациялаудың оңтайландырылған механизм жөнінде айтып берді.

«Декларациялауды оңайлату мақсатында декларациялауға тиісті мүліктің тізбесін нақтылау және жыл сайынғы қысқаша декларацияны беру міндеттемесін алып тастау бойынша заңнамалық шаралар қабылданды. Енді азаматтар декларацияда мемлекеттік органдарда тіркелген мүлікті және екінші деңгейлі банктердегі қаражат туралы ақпаратты көрсетпейді», - деп атап өтті министр. 

Оның айтуынша, бұл деректер автоматты режимде министрліктің Интеграцияланған деректер базасына келіп түседі.

Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген кезде активтер мен міндеттемелер туралы «кіріс» декларациясы ұсынылады. Декларацияны тапсыру мерзімі: қағаз түрінде – 15 шілдеге дейін, электронды түрде – 15 қыркүйекке дейін. 

Декларацияда көлік құралдары, заңды тұлғадағы қатысу үлестері, шет мемлекетте тіркелген жылжымайтын мүлік және шетелдік банктердегі ақша қаражаты туралы мәліметтер көрсетіледі. Сондай-ақ, декларацияда Қазақстан Республикасындағы және оның шегінен тыс жерлердегі мүлік туралы деректер, бағалы қағаздар, тұрғын ғимаратындағы үлес, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік, авторлық құқық нысандары, айлық есептік көрсеткіштің 10 000 еселенген шегіндегі қолма-қол ақша, дебиторлық/кредиторлық берешек және және құны 1000 есе АЕК мөлшерінен асатын басқа да мүліктер қамтылады. 

«Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген адамдар кейіннен кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынуы тиіс. Бұл ретте активтер мен кірістер бойынша айналымдар болмаса, кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсынбауға болады. «Кіріс» декларациясын тапсыру қорытындысы бойынша камералдық бақылау жүргізілетін болады. Содан кейін заңнаманы жетілдіру және ақпараттық жүйелерді пысықтау жөнінде шаралар қабылданады», - деді Е. Жамаубаев.

Отырыс соңында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин декларация тапсыру қағидаларын халыққа кең ауқымды түсіндіру қажеттігін айтты. 

Декларациялаудың бірінші кезеңі аясында бүгінгі күні 437 мыңнан астам адам салық есебін ұсынды. Бұл жоспарланған көрсеткіштің 91% құрайды. Халық арасында декларация тапсырудың ең танымал тәсілдері - «Е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы және Салық төлеушінің кабинеті. Олардың үлесіне барлық қабылданған декларациялардың шамамен 95% тиесілі.