ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Қостанай облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті Тобыл қаласы тұрғынының өз кәсіпорны атынан жалған мәмілелер жасап, сол арқылы мемлекетке ірі көлемде залал келтіргенін анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айыпталушы 2017 жылы өзінің фирмасын тіркеп, Тобыл қаласында кеңсе жалдаған. Клиент іздеу кезінде ол жалған есеп құжаттарын рәсімдеуді ұсынған танысына жолығады. Тиісінше, танысы қолма-қол аударылған қаражаттан 3-5% көлемінде сыйақы ұсынған.
«Сол уақыттан бастап ол мүліктік пайда табу мақсатын іске асырады. Танысының ЖШС мекенжайына тауарларды іс жүзінде жеткізбей, жұмыстарды орындамай және қызметтерді көрсетпей, жалған бухгалтерлік құжаттарды рәсімдеп келген. Мемлекетке 195724161 теңге сомасына залал келтірілді. Қостанай аудандық сотының үкімімен Тобыл қаласының тұрғыны ҚР ҚК 216-бабы, 3-бөлігі., 28-бабы, 5-бөлігі., 245-бабы, 3-бөлігімен айыпты деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды», - делінген баспасөз хабарламасында.
Сондай-ақ, ол 3 жылға мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ұйымдастырушылық-басқару, бухгалтерлік қызметерді атқару құқығынан айырылды.