Мемлекеттен сатып алу құқығынсыз, жалдамалы пәтерді 5 жыл мерзімге алған жастар баспана бойынша басқа бағдарламаларға қатыса алмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Осы бағдарлама арқылы жастар жалдамалы үйді алып жатса, ол үміткер баспана бойынша екі тізімде бола алмайды. Яғни, ол баспана бойынша басқа кезектен шығарылады. Жалдамалы үйге ие болған азамат «7-20-25» секілді немесе басқа да әкімдіктің бағдарламасында тұрса, олардан автоматты түрде алынып қалады. Тек бір тізімде болады», - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері бойынша комитет төрағасының орынбасары Шахмардан Байманов елорда әкімдігінің баспасөз орталығындағы брифингте.
Айта кетсек, 5-10 қараша аралығында елордада жұмыс істейтін жастардан сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер бойынша өтініш қабылданады. Өтініш тек электронды түрде Smart Astana порталы арқылы қабылданады.
Нұр-Сұлтанда биыл бір және екі бөлмелі 1050 пәтер беріледі (30-70 шаршы метрге дейін). Құрылыс басқармасының мәліметі бойынша, жастарға 202 екі бөлмелі және 848 бір бөлмелі пәтер тапсырылады.