Қазақстан Республикасы жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов парламент палаталарының бірлескен отырысында осы күнге дейін сотта қандай кемшілік болғанын және бүгінде осы мәселенің қалай шешілгенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik агенттігі.
Жоғарғы соттың төрағасы Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін алдына стратегиялық мақсаттар қойып отырғанын айтты. Бірақ осы көштен сот жүйесінің қалып келе жатқанына алаңдайтынын жасырмады. Осы орайда, екі заң жобасымен келіп отырғанын жеткізді.
Сондай-ақ, Жақып Асанов бүгінде түрмедегілердің саны үш есе азайғанына назар аударды. 80-жылдары Қазақстанда түрмедегілердің саны 100 мыңнан асқан. Бүгінде бұл көрсеткіш үш есе төмендепті — 30 мың.
"Бұрын жеке адамға қатысты қылмыстар туралы ақпарат жабық болатын. Есеп бойынша 100 мың қазақстандыққа шаққанда он адам өлтіру оқиғасынан келетін. 2016-2018 жылдары бұл көрсеткіш екі есе азайып, беске дейін кеміді. Екіншіден, түрмедегілердің саны көп болды. Құқық қорғау органы біреуге айып тақса, сот соны кінәлі деп жазалайтын. Кінәсі жоқ болса да, ақтауға батылы бармайтын. Осылайша әрбір екінші сотталушы бас бостандығынан айырылатын. Ал қазір әрбір төртінші сотталушы түрмеге қамалып, көрсеткіш тек 25% көрсетіп отыр", — деді Жақып Асанұлы "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы конституциялық заңының жобасының қаралымы кезінде.
Жоғарғы сот төрағасы бұрынғы сот жүйесінің тағы бір басты кемшілігін атады. Ол — айыптау көзқарасының қалыптасуы. Мұны ол ауруға балап, одан құтылуды басты міндет етіп отырғанын жеткізді. Айтуынша, бұл бір кездері соттың қылмыстық істер мәселесіне келгенде құқық қорғау жүйесінің бір бөлігі ретінде өмір сүруімен байланысты. Сондай-ақ, меншіктің бәрі мемлекеттікі болғандықтан, азаматтық істерді қарайтын соттар да аз болған. Ал мекемелер арасындағы дауды арбитраж жылдам шешетін.
"Бір сөзбен айтсақ, кеңес дәуірінде сотқа бүгінгідей сұраныс болған жоқ. Тіпті, жұрт сотқа жүгінудің не екенін білмейтін. Сот көбінесе құлайын деп тұрған ғимаратта орналасатын. Егемендік алғаннан кейін нарыққа көштік. 90-жылдары меншікке қатысты дауларға қылмыскерлер мен рэкеттер араласты. Сол кезде Елбасы "Адамды әкім, министр, тіпті, президент емес, сот қорғайды" деп шегелеп тұрып айтқан еді", — деді ол.
Жақып Асановтың айтуынша, бүгінде халықаралық БҰҰ, ЕҚЫҰ сынды ұйымдар Қазақстанның сот жүйесіне қызыға қарайды. Бұл мақтау сөздер көбінесе соттың қолжетімділігіне қатысты айтылған. Себебі, бүгінде қазақстандықтар көршісімен айтысып, сотқа жүгінсе — 1 200 теңге, ажырасқысы келсе — 720 теңге төлейді. Екіншіден, жоғарғы сот төрағасы Қазақстан сотының дауды тез шешетінімен көптің көзайымына айналып жүргенін айтты.