ҚР Жоғарғы сотының сайтында Жақып Асановтың қазақстандық адвокаттар мен прокурорларға үндеуі жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ЖС ресми сайтына сілтеме жасап.
Үндеу мәтінінде халықтың мемлекеттік органдарға, оның ішінде сот және құқыққорғау жүйесіне деген сенімінің жоғарылағаны туралы айтылады.
"Сот ғимараты – барлығымыздың жиналып, жұмыс істейтін жеріміз. Бірақ, бізді біріктіретін ол емес. Барлығымызға ортақ – адам тағдыры, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Осы құндылықтарды қорғау – біздің күнделікті міндетіміз.
Сотқа келген әрбір адамның тағдырына тікелей қатыстымыз. Көп нәрсе біздің біліктілігімізге, жауапкершілігімізге, адамгершілігімізге байланысты.
Бізге келген адамдар ауруына ем іздеген науқас сияқты үміт арқалап келеді. Дертінен жазылған адам қалай қуанышты болса, соттан әділдік тапқан жұрт та солай риза болады. Бұл, сөзсіз, мемлекеттік билікке сенімді арттырады", - делінген үндеуде.
Жақып Асанов сот жүйесін жақсартып, оны әрбір адамға қолжетімді, түсінікті, әрі әділетті етуге шақырды.
"Сондықтан Елбасы халықтың, бизнес пен инвесторлардың құқық қорғау және сот жүйесіне сенімін бәрінен жоғары қояды. Осы міндетті орындау үшін ашық ұсыныс – бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, сот жүйесін жақсартайық. Оны әрбір адамға қолжетімді, түсінікті, әрі әділетті етейік. Мемлекет үшін тиімді және үнемді болуы үшін бар күшімізді салайық", - деді басшы.
Еліміздегі осы саланың алдағы уақытта нәтижелі жұмыс істеуі үшін қызметкерлерден ұсыныс күтетінін жеткізді.
"Сөзсіз, атқарылғаны аз емес. Бірақ, жетістікке жету бар, жетістікті жетілдіру бар. Соттардың, судьялардың, процеске қатысушылардың жұмысын жақсарту үшін тағы не істей аламыз? Пікірлеріңізді білдірсеңіздер. Ол көп уақытты талап ететін жүйелі проблема немесе тез арада жөнге келтіруге болатын нақты сұрақ болуы мүмкін.
Тек бір өтініш – ұсыныстар қысқа әрі нұсқа болса. Сонда оны түсіну де оңай болады. Мәселенің мәнісі, негіздемесі және шешу жолы жеңіл, қарапайым тілмен жазылса", - деп Жоғарғы сот төрағасы
Жақып Асанов маңызды ұсыныстар назардан тыс қалмайтынын да айтты.
"Маңызды деген ұсыныстар назардан тыс қалмайды. Олар отандық сот жүйесін одан әрі жетілдіруге үлесін қосса дейміз. Қатысқандарыңыз үшін алдын ала алғысымызды білдіреміз", - деді төраға.