Фото: Зардап шеккен балалардың анасы ұсынған
Қостанайдың орталық алаңында ағайынды екі жасөспірім соққыға жығылды, үлкені облыстық балалар ауруханасына түсті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Оқиға Қостанайдың орталық алаңында, ойын-сауық саябағына жақын маңда болған. Онда 13 және 15 жастағы екі ағайынды бала достарымен кездесуі керек болған. Зардап шеккен балалардың анасының айтуынша, олардың алдынан төрт ересек бала шыққан.
"Бірі иығымен әдейі қағып өткен, кейін жанжал шыққан. Олар аллеяның артына шығып, сонда төбелес басталған. Балаларды ұрып-соғып жатқанда, өтіп бара жатқандардың ешқайсы араша түспеген. Бір әйел оларды ажыратқан. Оны екеу жабылып ұрған, жастары 18-19-да, бұлар не істей алсын. Кішкентайы көмек шақырған. Бәрі қашып кеткесін, екеуі полиция пунктіне барған, бірақ ол жабық жатқан", - дейді зардап шеккен ұлдардың анасы Татьяна Шелудякова.