05 мам, 2022 сағат 15:03

Зейнетақының орташа мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға өседі


Сәуір айынан бастап зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер қосымша 4 пайызға артады. Жалпы зейнетақының орташа мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға өседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл шаралар бүгін қабылданған «2022–2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңда қарастырылған. 

«Біз бүгін 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтыладық. Қазіргі таңда әлеуметтік-экономикалық ахуалдың күрделі екенін көріп отырмыз. Әлем коронавирус індетінен кейін әлі толық қалпына келген жоқ. Осы тұста санкциялық текетірес пен геосаяси ахуалдың шиеленісуі жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді деп айтуға толық негіз бар. «Қасіретті қаңтар» оқиғасы да еліміз үшін ауыр сынақ болды. Қазір әлем бойынша экономикалық өсімнің төмендеуі болжанып отыр. Шикізат бағасы өсті, сонымен бірге инфляция да арта түсті. Логистикаға қатысты пробелмалар да өзекті болып тұр. Мұның бәрі Қазақстанның экономикасына, республикалық бюджетке айтарлықтай зардабын тигізуде. Осыған орай, мемлекет эклономикамызды қорғауға қажетті шараларды қабылдады», - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бүгінгі отырысында. 

Оның айтуынша, бүгін бюджетке енгізілген түзетулер Президенттің тиісті тапсырмаларын орындауға бағытталып отыр. Президент реформаларының басты мақсаты – экономика өсіміне ұлттық байлықтың әділ бөлінуіне және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға қажетті жағдай қалыптастыру. 

«Қазір мемлекетіміз күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толығымен орындап отыр. Шамамен биылғы бюджеттің жартысы әлеуметтік салаға жұмсалады. Бүгін қабылданған түзетулердің нәтижесінде сәуір айынан бастап зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер қосымша 4 пайызға индекстеледі, яғни артады. Мұндай қадам 4 миллионнан астам адамға игі әсерін тигізеді. Жалпы алғанда, зейнетақының орташа мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға өседі. 

Халықтың табысын арттыру бағдарламасы бойынша Кешенді жоспарды іске асыру үшін 197 млрд теңге бөлінеді. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын іске асыруға 238 млрд теңге қарастырылды. Экономиканың нақты секторын қаржыландыру көлемі де ұлғаяды. 

«Осы шаралардың бәрі экономикамызды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл- ауқатын арттыруға жол ашады деп сенеміз», - деді Мәулен Әшімбаев.