«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Басқарма төрағасы Жанат Құрманов кейбір салымшыларға неліктен зейнетақының бір бөлігі берілмей жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«25-30 қаңтар аралығында БЖЗҚ-ға 52 мыңнан астам өтінім келіп түсті. Оның ішінде жалпы жинақтық сомасы 212 млрд теңгелік 38 389 өтінім (74%) одан әрі қарау үшін қабылданды. Төленуге тиіс сома 5,5 миллион теңгені құрады. 28 қаңтардан бастап БЖЗҚ «Қазақстан халық банкінің» уәкілетті операторларынан өтініштер қабылдай бастады», - деді Жанат Құрманов ОКҚ-да өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, БЖЗҚ-да өтінімдер қабылдау басталғаннан бері жалпы сомасы 212,6 млрд теңгеге 38507 өтінім алдын ала мақұлданған.
«Талдау жұмыстары көрсеткендей, өтінімдерді қабылдаудан бас тартудың басты себебі - салымшылар өз өтінімінде қолжетімді мөлшерден асатын соманы көрсеткен. Өтінімнің қабылданбау жағдайының 13% - сұралған сомалардың қолжетімді сома мөлшерінен асып кетуімен байланысты. Сондай-ақ қайталанған өтініштер де болды. Тіпті мүлде жинағы жоқ адамдардан өтініштер келді. Дұрыс ресімделмеген өтініштер де бар», - деп атап өтті спикер.