Фото: Ашық дереккөзден
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары енгізілелді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі қолданыстағы жүйе зейнеткерлердің үш буынын қамтиды. Қарастырылған өзгерістерде 1998 жылға дейін және 1998 жылдан кейін зейнетке шыққан азаматтар зейнетақы төлемдерінің негізгі бөлігін мемлекеттен, ал болашақ зейнеткерлер Жинақтаушы зейнетақы жүйесінен алатын болады. Осы мақсатта бүгінгі зейнеткерлер үшін базалық және еңбек зейнетақыларының мөлшерін есептеу параметрлері өзгереді. Бұл өзгеріс аталған зейнетақылардың мөлшерін көбейту мақсатында қарастырылып отыр. Ал болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынын қосымша зейнетақы жарналары енгізілетін болады», - деді министр.
Сонымен қатар ол жаңа Әлеуметтік кодексте салымшылардың өз активтерін басқару жөніндегі құқықтарын кеңейту бойынша өзгерістер енгізілгенін атап өтті.
«Енді азаматтар белгіленген жеткіліктік шегінен асқан зейнетақы жинақтарын тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады. Сондай-ақ салымшыларға зейнетақы жинақтарының 50 пайыздан аспайтын бөлігін активтерді басқару компаниясына беру және мұндай компанияны өздері таңдау құқығы беріледі. Бұл ретте мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдікті жинақтың Ұлттық банк басқаратын бөлігіне ғана беретінін атап өткен жөн», - деді Тамара Дүйсенова.
Ал жеке басқаруға берілетін зейнетақы жинақтарының сақталуына және оның табыстылығына салымшы таңдап алған компания жауапты болады. Сондықтан әрбір салымшы басқару жөніндегі жеке компанияны таңдаған кезде ықтимал тәуекелдерді мұқият ескеруі тиіс болады.