26 мам, 2021 сағат 11:10

Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алушылар тізімі кеңейтілді


Елімізде 1 мамырдан бастап ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын алушылардың тізімі кеңейді. Бұл жайында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Осы жылдың 1 мамырынан бастап ерікті зейнетақы жарнасы есепке алынатын жеке зейнетақы шотын ашу үшін БЖЗҚ-ға келіп түскен алғашқы ерікті зейнетақы жарнасы да негіз бола алады. Осылайша, салымшыға (алушыға) қордың кеңсесіне барудың қажеті жоқ. Пайдасына ЕЗЖ есептелінетін жеке тұлғаны сәйкестендіру ЕЗЖ аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер (ТАӘ, ЖСН, туған күні) бойынша жүзеге асырылады. Ал жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемелері, тұрақты тұратын жері туралы барлық қажетті мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады», - делінген қор таратқан ақпаратта. 

Сонымен «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 33-бабы 1-тармағына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар 50 жасқа толған; мүгедек болып саналатын; ҚР шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету ниетiн немесе дерегiн растайтын құжаттарды ұсынған; Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорындағы ерікті зейнетақы жарналары мен оларға есептелген инвестициялық кіріс сомалары шегінде кемінде бес жыл зейнетақы жинақтары бар адамдардың ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерiне құқығы туындайды. 

1 мамырдан бастап күшіне енген осы жаңашылдыққа сәйкес ЕЗЖ бойынша төлемдерді ерікті зейнетақы жарналары зейнетақы жүйесінде кемінде бес жыл болған барлық адамдар ала алады. Осылайша, ЕЗЖ есебінен қаражат жинауды мысалы, 20 немесе 30 жастан бастай отырып, тиісінше 25 немесе 35 жасқа толған кезде салымшылар өздерінің алғашқы төлемдерін ала бастайды.