29 қаң, 2021 сағат 10:59

Зейнетақы жинағын алу: БЖЗҚ үш күнде 27,2 мың өтінімді қабылдады

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры үш күнде төлемдерді жүзеге асыру үшін жалпы сомасы 151 млрд теңгеге жуық 27 240 өтінімді өңдеуге қабылдады, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.

«27 қаңтарда зейнетақы қорына Отбасы банкінен жалпы сомасы 156,2 млрд теңгеге 9 566 өтінім түсті. Келіп түскен өтінімдердің барлығын БЖЗҚ күнбе-күн қарайды. Жалпы сомасы 38,6 млрд теңгеден асатын 6 988 (73%) өтінім өңдеуге қабылданды. Бұл сома өтінімдер келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде Отбасы банкісіндегі салымшылардың арнайы шоттарына аударылады. Аударымның орташа сомасы 5,5 млн теңге», делінген хабарламада.

Заңнама талаптарына сәйкес келмейтін 2 578 өтінім (27%) қабылданбаған.

Қордың мәлімдеуінше, өтінімді қабылдамаудың негізгі себептері: өтініш берушінің алуға қолжетімді зейнетақы жинағы жоқ (қабылданбаған өтінімдердің 42%-ы), сұралып отырған сома зейнетақы жинағынан алуға болатын сомадан асып түседі (38,2%), бұрын берілген өтінім бойынша қайта берілген сұраныстар (19,4%), өтініш берушінің БЖЗҚ-да зейнетақы жинағы мүлде жоқ (0,4%).

«Қорға уәкілетті оператордан 25-27 қаңтарда келіп түскен өтінімдер үш жұмыс күнінің қорытындысы бойынша сол күні-ақ кідіріссіз қаралды. Кейіннен төлемдерді жүзеге асыру үшін жалпы сомасы 151 млрд теңгеге жуық 27 240 өтінім бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Өтінімнің орташа сомасы шамамен 5,5 млн теңге», делінген хабарламада.