Зейнетақы жинақтарының бір жолғы төлемін алу үшін БЖЗҚ-ға алғашқы күні 10 мыңнан астам өтінім түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«25 қаңтарда «Отбасы банкінен БЖЗҚ-ға жалпы сомасы 114,6 млрд теңгеден астам сомаға 10 292 өтінім келіп түсті. Барлық өтінімді қор сол күні-ақ, еш кідіріссіз қарады.
8 460 өтінім (82% немесе жалпы сомасы 49,2 млрдтеңге) тексеруден сәтті өтті. Заңнамаға сәйкес «БЖЗҚ» АҚ-ға өтінім келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей, салымшылардың «Отбасы банкі» АҚ арнайы шотына шамамен 49,2 млрд теңге аударылады. Аударымның орташа сомасы – 5,8 млн теңге», делінген хабарламада.
Қор 1 832 (немесе18%) өтінімді заңнама талаптарына сәйкес келмейтіндіктен төмендегі негізгі себептер бойынша қабылдамады:
1. Сомалар қате, яғни шоттағы зейнетақы жинақтарының көлемінен асыра көрсетілген. Сондықтан өтінімдерді «Отбасы банкі» ұсынымдарын басшылыққа ала отырып, мұқият толтыру керек.
2. Жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу тәсілін таңдау кезінде алуға сұраныс жасалатын сомалар дұрыс көрсетілмеген.
Салық заңнамасы бойынша міндетті зейнетақы жарналарына қорға аударылған кезінде ЖТС салынбайды, сондықтан зейнетақы төлемдеріне салық салынуы тиіс. Салымшы біржолғы зейнетақы төлемін алған кезде ЖТС төлеудің екі тәсілін таңдауға құқылы. Бірінші тәсіл - кейінге қалдыру, екінші тәсіл - біржолғы зейнетақы төлемі кезінде салықты толық көлемде бірден төлеу. Салымшының шешімі уәкілетті операторға берілетін өтінімде көрсетілуі тиіс.
Егер өтініш беруші ЖТС төлеуді кейінге қалдыру туралы шешім қабылдаса, онда ол өтінімде сұратылатын соманы ЖТС-ты шегерместен көрсетуі тиіс. Егер өтініш беруші ЖТС-ты толық көлемде бірден төлеуді ұйғарса, онда ол өтінімде алуға болатын соманы 10% мөлшеріндегі ЖТС-ты шегере отырып көрсетуге тиіс.
Қордың беретін үзінді көшірмесінде салымшыға ыңғайлы және өз бетінше таңдау жасау үшін екі сома да көрсетілген. Салымшы көрсететін, алуға болатын сома зейнетақы қорынан оның уәкілетті операторда ашылған арнайы шотына түседі.
3. Өтінімде алуға сұраныс жасалатын сома ең аз жеткіліктілік шегін есепке алмастан көрсетіледі. Салымшылар өтінімінде алуға болатын және үзінді көшірмеде көрсетілген сома шегінде емес, жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының барлық сомасын көрсеткен.
4. Өтінімдерде валюта бағамдарының құбылмалылығы және зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліндегі қаржы құралдары құнының өзгеруі нәтижесінде инвестициялық табыстың нарықтық ауытқуына байланысты өзгерістерді ескермейтін өзекті емес сомалар көрсетілген.
5. «БЖЗҚ» АҚ деректер базасында жеке зейнетақы шоттары және тиісінше зейнетақы жинақтары жоқ тұлғалардан да өтінім түскен.
6. Салымшылар бірін-бірі қайталайтын өтінім де берген.
Қор осы жәйттерді ескере отырып, азаматтарға өздерінің зейнетақы жинақтары туралы өзекті ақпаратты, оның ішінде қолжетімді сома туралы мәліметтерді enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен немесе Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мобильдік қосымшасы арқылы біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға тікелей өтінім берер алдында мұқият тексеруге кеңес береді.
Естеріңізге сала кетейік, салымшының БЖЗҚ-да жеткіліктілік шегінен асатын сомасы болған жағдайда, оны пайдалануға өтінім шексіз рет берілуі мүмкін. Егер қандай да бір себеппен салымшыға біржолғы зейнетақы төлемін алуға арналған өтінімді қанағаттандырудан бас тартылса, онда бас тарту себебін жойып, уәкілетті операторға қайтадан өтінім беруге болады. Егер салымшы өз жинақтарын әртүрлі мақсаттарға пайдаланғысы келсе, онда алуға болатын сома шегінде осы мақсаттарға жеке өтінімдер беруге болады.
Сондай-ақ, өтінім беруге және зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу үшін нысаналы пайдалану шарттарына байланысты барлық мәселелерді уәкілетті оператордың «бір терезе» қағидаты бойынша қарайтынын және БЖЗҚ-ға жеке өтініш беру қажеттігі талап етілмейтінін естеріңізге саламыз.