29 қыр, 2021 сағат 14:44

Зейнетақы қорынан берілген ақша үй бағасын қымбаттатты – Марат Қарабаев


ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев тұрғын үй бағасының күзге жыл соңына дейін 30 пайыз қымбаттайтыны туралы болжамға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің бағалауымыз бойынша, жыл басында былтырғымен салыстырғанда баспана бағасы 13-15 пайыз өсті. Бірақ оған үш негізгі фактор әсер етті. Біріншіден, пандемия кезіндегі тоқтаулардың кейінге қалған сұранысы қосылды. Екіншіден, пандемияға байланысты логистикалық проблемалар болды. Құрылыс материалдарының шетелден тасымалы кешеуілдеді. Үшіншіден, ең үлкен фактор зейнетақы қорынан бөлінген қаржы болды. Осы уақытқа дейін 1,5 трлн теңгеге тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі болды. Осы үш фактор әсерінен тұрғын үй бағасы 13-15 пайыз көтерілді. Ал қазір ондай факторлар мен болжамдар күтіліп отырған жоқ. Сондықтан, 30 пайыздық қымбаттау болжамы негізсіз деп ойлаймын», - деді вице-министр. 

Оның айтуынша, алдағы 4 жылдың ішінде тұрғын үй салуға қажетті материалдың бәрі Қазақстанда өндірілмек.

«Мұны енді нақты өндірілетін құрылыс материалдарымен байланыстырсақ, өзімізде шығарылатын материалдардың бағасы тұрақты болып жатыр. Кей жерлер жыл басындағы, ортасындағы бағаны төмендетті. Ішкі нарықтың 60 пайызы отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етілген. Линолеум, түсқағаздар, креамикалық тақта, санфаянс сияқты импорттық тауарлар бар. Алдағы 3-4 жылда ол тауарлар толық өзімізде өндіріледі», - деген Марат Қарабаев кремаика тақтасын ышғаратын 2 зауыт салынып жатқанын атады.

«Мысалы, керамика тақталарын шығаратын бір ғана зауытымыз болды. Осы уақытқа дейін Шымкенттегі зауыт жылына 2 млн шаршы метр шығарып келді. Күні кеше Ақтөбе облысында 5 млн шаршы метр шығаратын жаңа зауыт іске қосылды. Нұр-Сұлтан қаласында 12 млн шаршы метр өнім шығаратын зауыт салынып жатыр. Ақтөбе қаласында тағы бір 5 млн шаршы метр өнім шығаратын зауыт салу жоспарланған. Олар тек ішкі нарықты қамтамасыз етіп қоймай, экспортқа да шығарады. Қазірдің өзінде керамика тақталары экспортқа шығарылып жатыр», - деді министрдің орынбасары.