ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысулар департаменті Сақтандыру нарығын дамыту басқармасының басшысы Сағи Әжібек зейнетақы аннуитетіне қатысты заңнамаға қандай өзгеріс енгізілгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы жылдың 2 қаңтарында Мемлекет басшысы қол қойған «Экономикалық өсімді қалпына келтіру туралы» заң арқылы зейнетақы аннуитеті сияқты сақтандыру өнімімен қамтамасыз ету ережелеріне маңызды түзетулер енгізілді. Бұл түзетулер зейнетақы аннуитетінің азаматтарға қолжетімдігін әрі тартымдылығын арттыруға әсер етті», - деді С. Әжібек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Негізгі өзгертулер бойынша, бұрын зейнетақы аннуитеті бойынша ең төменгі төлем мөлшері минималды зейнетақыдан төмен болмауы керек еді. Ал қазір төлем мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% пайызынан кем болмауы керек. Бұл шара арқылы аннуитеттің құнын шамамен 40% пайызға төмендеген.
Екіншіден төлемдері кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті енгізілді. Бұл сақтандыру өнімі бойынша азаматтар 45 жастан бастап зейнетақы аннуитеті шартын жасай алады, ал төлемдерді ер адамдар 55 жастан бастап, әйелдер – 52 жастан бастап ала бастайды.
«Биылдан бастап зейнетақы аннуитетінің құны айтарлықтай төмендеді. 2020 жылы 55 жасқа толған ер адамдар үшін зейнетақы аннуитеті шартын жасау үшін жеткілікті сома шамамен 11 миллион теңге болса, биылдан бастап бұл көрсеткіш 6,7 миллион теңгеге дейін төмендеген. Ал 52 жастағы әйелдер үшін жеткілікті сома шамамен 15 млн теңгеден 9,0 млн теңгеге төмендеген. Төлемдері 55 жастан басталатын кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетін 45 жастан алу үшін ер адамда кемінде – 6,1 миллион теңге, ал әйелде – 7,7 миллион теңге болуы керек. Осылайша, зейнетақы аннуитеті зейнетақы қорының салымшысына жас және еңбекке қабілетті кезінде зейнетақы төлемдерінің баламалы көзін құруға және зейнетке шыққанда өзін тұрақты төлемдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - дейді спикер.
Айта кетейік, Өмірді сақтандыру компаниясы зейнетақы аннуитеті төлемдерін сақтанушыға өмір бойы ай сайын төлейді және жыл сайын төлемдерді 5% пайыздан кем емес көрсеткішке көтеріп отырады. Сонымен бірге, зейнетақы аннуитеті шартында кепілдендірілген төлем мерзімін орнатуға болады, бұл опция сақтанушы қайтыс болған жағдайда зейнетақы аннуитеті төлемдерін мұрагерлерге беру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.