02 мам, 2023 сағат 19:09

Зеленскийге «кеңес» берген алматылық депутат мандатын өткізді

Фото: Facebook/Анна Башинская

Осыдан бірнеше күн бұрын Алматы қалалық мәслихатының депутаты Анна Башинская Украина президенті Владимир Зеленскийге «кеңес» беріп, көпшіліктің ашуын туғызған еді.

Депутат Deutsche Welle басылымының Facebook парақшасындағы жазбасына «Зеленский мырза, дұрысы Түркия! Ол жақта жыл бойы жылы» деген пікір қалдырған.

Ал жазбаның өзінде президенттің "Украина қарсы шабуылға шығып, Ресей басып алған жерлерді, соның ішінде Қырымды да қайтарып алатыны" сөз болған.

Кейінірек Башинская Facebook парақшасында көпшіліктен кешірім сұрап, Зеленскийдің мәлімдемесіне қатысты ойланбай пікір қалдырғанын айтқан.

Ал, бүгін ол депутаттық мандатын тапсыратынын жеткізді.

"Құрметті достар! Мен өз әрекетіммен еліміздің бейбіт саясатына дақ түсіргім келмейді.

Осы күндері көп ойландым және әрекетімді айыптағандардың сезімін һәм күйін түсініп отырмын.

Бүгінгі қиын-қыстау кезеңде бұл пікірім орынсыз болғанын тағы да атап өткім келеді. Сол арқылы қоғам алдында қиын жағдай туғыздым. 

Осыған байланысты партияның ресми ұстанымымен толықтай келісемін. Жауапкершілігімді сезіне отырып, депутаттық өкілеттікті тоқтату туралы шешім қабылдаймын. 

Барша отандасым мен партияластан жіберген қателігім үшін шын жүректен кешірім сұраймын. Баршаңызға жақсылық пен тыныштық тілеймін", - деп жазды ол.