27 қар, 2021 сағат 12:16

Зеленский "Украинада төңкеріс жасау жөнінде сөйлескен" ресейліктердің аудиосы қолына түскенін мәлімдеді


Президент Владимир Зеленский Украинада мемлекеттік төңкеріс жасау жөнінде сөйлескен ресейліктердің аудиосы қолына түскенін мәлімдеді. Аудиода украиналық кәсіпкер Ринат Ахметовтің де аты аталады, деп хабарлайды Азаттық.

Зеленскийдің айтуынша, жазбада Ахметовтің фамилиясы аталғанмен кәсіпкердің өзі әңгімеге араласпаған. Бұл оған "жала жабу үшін" де таратылған болуы мүмкін деп санайды.

"1 желтоқсанда біздің елде мемлекеттік төңкеріс болады деген ақпарат түсті. Қолымызда жазба да бар. Онда Украина мен Ресей өкілдері Ринат Ахметовтің мемлекеттік төңкеріске қатысын талқылайды. Бұл жала жабу. Кәсіпкерді Украинаға қарсы соғысқа араластырып жатыр. Өз халқыңа, халық сайлаған президентке қарсы соғысуға болмайды. Ахметовтің ақпаратын тыңдау үшін президент кеңсесіне шақырамын" деді Зеленский журналистерге.

Ринат Ахметов – Forbes журналы бойынша Украинадағы ең ауқатты адам. Журнал оның байлығын 7,6 млрд долларға бағалайды. Мордовияда туған, кейін ата-анасымен бірге Донецкіге көшіп барған. Бұрын ол аймақтағы партиялар және Виктор Януковичпен тығыз қарым-қатынаста болған, алайда 2014 жылғы оқиғадан кейін Донбастағы ресейшіл ұрандарды қолдамады.

Кейінгі кезде Ахметовтің Зеленский айналасындағы адамдармен келіспей қалғаны жөнінде хабар тараған. Ахметовтің медиаресурстары оппозициялық саясаткерлерге көмектесіп, қазіргі президенттің әрекетін сынағаны жөнінде де ақпарат болған.

Ахметовтің танысы, Ресей президенті Владимир Путинге жақын украиналық саясаткер Виктор Медведчук елде мемлекетке опасыздық жасады және террористік ұйымның ісіне араласты деген күдікке ілінген.

Тергеу органдарының болжамынша, ол 2014-2015 жылдары Донецк және Луганскідегі сепаратистерден "көмір отынын тасымалдау бойынша қылмыстық схеманы жүзеге асырды" деген күдікке ілінген. Депутат сол бойынша Ресей билігіне есеп берген деген болжам айтылады. Тергеу орындарының пікірінше, оның әрекеті Украинаның энергетика қауіпсіздігіне нұқсан келтірген.

Жоғарғы рада депутаты Виктор Медведчук биыл мамыр айында басқа іс бойынша үйқамаққа алынған. Ол өзі жетекшілік ететін "Оппозиционная платформа – За жизнь" фракциясының тағы бір депутаты Тарас Козаков екеуі мемлекетке сатқындық жасады және ұлт байлығын тонауға тырысты деген күдікке ілінген. Тергеу органдарының мәліметінше, олар аннексияланған Қырым маңында мұнай және газ өндіру мәселелері бойынша Ресеймен астыртын байланыс орнатқан, одан бөлек Ресей арнайы қызметіне мемлекеттік құпия болып саналатын ақпарат берген.