Украина президенті Владимир Зеленский бүгін, 14 қарашада Херсонға барды. Бұл туралы Reuters хабарлады.
Зеленский Украина жауынгерлері алдында сөз сөйледі. Оларға алғыс айтып "Біз бейбіт өмір сүруге дайынбыз" деді.
Украина президенті НАТО мен өзге де одақтастарына Украинаға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіре келе, АҚШ берген HIMARS реактивті артиллериялық жүйесі соғыста маңызды рөл атқарғанын атап өтті.
Reuters хабарына қарағанда, қала тұрғындары Зеленскийді Херсонның бас алаңында Украина туымен қарсы алған. Тұрғындардың кейбірі балаларымен келген.
"Шын мәнінде бақыттымын. Адамдардың қуанышы көздерінен көрініп тұр" - дейді Зеленский.
"Украина қарулы күштері әрі қарай қайда шабуыл жасайды?" деген журналист сұрағына ол "Мәскеуге емес… Бізге өзге елдің жері керек емес" деп жауап берген.
Айта кетейік, Владимир Зеленский Оңтүстік Херсон аймағында жұмыс істеп жатқан тергеушілер "Ресей әскері жасаған 400-ден аса әскери қылмысты ашқанын" мәлімдеген еді.
Сондай-ақ, өткен жұмада Ресей қорғаныс министрлігі Украинаның Херсон облысындағы қарулы күштері 11 қарашада Днепр өзенінің сол жағалауына өткенін айтқан. Украина әскері сол күні Херсонға кірген.