Мариупольдегі "Азовсталь" зауытында қоршауда қалған Украина жауынгерлерін эвакуациялап жатыр. Бұл жөнінде Reuters агенттігі хабарлап, бірнеше фотосурет жариялады. Ақпаратты Украина қарулы күштерінің бас штабы растады.
"Азовстальден" барлығы 264 адам шыққан, оның 53-і жаралы жауынгер" дейді Бас штаб. Reuters мәліметіне қарағанда, оларды Новоазовск қаласына жеткізген. Бұл қала Ресей қолдайтын сепаратистер бақылауында тұр. Жаралы жауынгерлердің Новоазовскіге апарылатынын бұған дейін Ресей қорғаныс министрлігі де хабарлаған болатын.
Қалған 211 жауынгерді гуманитарлық дәліз арқылы сепаратистік "ДХР" бақылауындағы Еленовкаға алып кеткен.
Украина жауынгерлері тұтқынға алынды ма, жоқ па деген мәселе айтылмады. Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Малярдың сөзінше, "оларды Ресей тұтқындарына айырбастауы мүмкін".
Украина президенті Владимир Зеленский Мариупольдегі эвакуация туралы: "Украина әскери қызметкерлерінің – Украина қарулы күштері мен барлауының, келіссөз тобының, Халықаралық Қызыл крест комитеті мен БҰҰ-ның арқасында жүзеге асты. Жауынгерлеріміздің өмірін сақтап қалудың сәті түседі деп үміттенеміз. Бізге Украина батырларының тірі болғаны керек. Бұл - біздің принципіміз. Меніңше, мұны ақыл-есі түзу әрбір адам түсінеді", - деді.
Дүйсенбі күні Украинаның "Азов" полкінің командирі Денис Прокопенко "Мариуполь гарнизоны жоғары әскери басшылық бекіткен шешімді орындайтынын және Украина халқы қолдайды деп үміттенетінін" видеоүндеумен жариялаған.
Бұған дейін Ресей қорғаныс министрлігі Мариупольдегі "Азовсталь" қоршауында қалған Украинаның жаралы жауынгерлерін эвакуациялау жөнінде Украинамен келісімге келгенін мәлімдеген еді. Мұндай келісім болғанын сепаратист командирлердің бірі Александр Ходаковский де хабарлаған.
- Мариуполь қаласы Ресей әскерінің бақылауына өткенімен "Азовсталь" зауытын әлі күнге Украина жауынгерлері бермей отырған. Украина басшылығы секілді олар да "Азовстальден" тым болмағанда жаралы жауынгерлерді эвакуациялауға мүмкіндік беруге шақырған. Ресей олар беріліп, тұтқынға түсуге тиіс деген талап қойған.